Bugin
Баянауылда өрттен жасөспірім көз жұмды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Астана арнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Павлодар облысы Баянауыл ауданында жеке тұрғын үйден өрт шыққан. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2015 жылғы ер бала өрттен құтқарылған. Бірақ ауруханаға апара жатқанда көз жұмған.
Оқиға кезінде үйде 6 адам болған. Ерлі-зайыптылар, омыраудағы сәби, әжесі үйден өздері шыққан. Ал іште екі бала қалып қойған. Оларды құтқаруға үй иесінің көрші тұратын ағасы ұмтылған. Бірақ өрт өршіп кеткен.
"10 қаңтар күні сағат 02:58-де Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылында үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде 5 бөлмелі газоблокты үйде шатырдың ағаш бөліктері, үй заттары мен жиһаз жанып жатқаны анықталды. Алдын ала болжам бойынша өрттің көлемі – 180 шаршы метр. Өрт сағат 6:25 минутта сөндірілді", - делінген хабарламада.