Bugin

"Тексермей екпе салған": дәрігердің қателігінен әйел қайтыс болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: depositphotos.com

Атырау облысы Балқұдық ауылының тұрғындары әділдік талап етіп жатыр. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйел ем іздеп барып, анафилактикалық шоктан көз жұмған. Марқұм 54 жаста болған. Балаларының айтуынша, 16 қазанда аналары бел ауруына шағымданып, орталық ауруханаға барған. Дәрігерлер науқасқа "ауырсыну, бел омыртқасының остеохондрозы" диагнозын қойып, ем тағайындаған.

"Сол күні дәрігерлер анама ешбір сынамасыз ине арқылы дәрі салған", - дейді баласы.

Араға 5 минут салып, аузынан көбік ағып, қан қысымы төмендеп, сол жерде көз жұмған.

"Нұсқау бойынша екпені, яғни цефазолинді науқастың ағзасы көтере ала ма, жоқ па, тексеруі керек. Бірақ медбике нұсқауды орындамай, қан тамыры арқылы система біте бергенде салған. Сағат 11:30 шамасында анамызбен сөйлестік, ол кезде жағдайы жақсы болған. Біз отбасында 6 баламыз. 54 жастағы анамыздың өліміне екі дәрігерді кінәлі деп танимын. Барлық құзырлы орган өкілдерінен әділ шешім шығаруын сұраймын", – деді марқұмның ұлы Жеткіншек Ислямов.

Оқиға болған күні Құрманғазы аудандық Полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысында өлімнің себебі анафилактикалық шок екені анықталған. Ал одан кейін шыққан Денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің сараптамасының нәтижесінде дәрігерлер тарапынан кеткен кемшілік нақты көрсетілген.