Bugin

"Ата-анасымен сөзге келіп, кетіп қалған": Ақтөбеде жоғалған 13 жастағы оқушы туралы тың дерек шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі

Ақтөбеде бір тәулік бойы үйіне оралмаған 13 жастағы оқушы досының үйінен табылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Қалалық мектептердің бірінде 7 сыныпта оқитын Әділ Назенов араға бір күн салып досының үйінен табылды. Ол 9 қаңтар күні түнде жоғалып кеткен.

"Ол ата-анасымен сөзге келіп, үйінен кетіп қалған. Полиция қызметкерлері жан-жақты іздеу жұмыстарын жүргізіп, арада бір күн өткен соң досының үйінен тапты. Қазіргі кезде ата-анасымен, баламен түсіндіру жұмысы жүргізілді", - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Қазір өңір бойынша рейд жүргізіліп жатыр. Полиция жасөспірімдерді бақылауға алған. Жыл басынан бері 170-ден астам жасөспірім полиция бөлімдеріне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды. Кейбірінен алып жүруге тыйым салынған заттар табылды.

"Ақтөбе облыстық білім басқармасымен бірге ауқымды жұмыс атқарғымыз келеді. Әр он күн сайын құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдерді бір ортаға жинап, ата-аналарымен, мұғалімдермен кездесу ұйымдастыру қажет деп ойлаймыз", - деді облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Ардана Саймағамбетов.