Bugin
Фото: depositphotos.com
Алматыда 22 жастағы қызды танысы зорлаған. Жәбірленуші белгісіз сусын ішкен соң, есін жоғалтқан. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қыз бірнеше айдан бері өзінің құқығын қорғау үшін әділдік іздеген. Қылмысқа қатысты арыз жазғанымен іс орнынан жылжымаған.
Жәбірленуші құрбыларымен бірге демалыс орнында кеш өткізген. Біраз уақыттан соң бұрыңғы танысы келіп, қызды сөзге тартып, коктейль ұсыныпты. “Бір ұрттамнан кейін өзімді нашар сезініп, қатты масайып қалдым” дейді жәбірленуші. Сол кезде құрбысымен такси шақырады, алайда оны күдікті бірге баруға ұсыныс тастап, қыздарды шығарып салғысы келеді.
Ол:
"Өзі такси шақырды, құрбым түсіп қалған соң, мені өз үйіне алып барды. Есімді жия алмай, есеңгіреп тұрдым. Күшімді жинап, қарсылық көрсетуге тырыстым. Ештеңе шықпады, таңертең ғана есімді жиып, жақындарымды шақырып, мені алып кетулерін өтіндім. Ең сорақысы, 2 сот-медициналық сараптамада зорлықтың анық белгілері, зақымдар белгілі болды",-деді.
Зорлықтың құрбаны болған бойжеткен құқық қорғау органдарына арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше ай бойы қыз психологиялық қиындықтардан жұмыс істей алмаған. 288 күндік тергеуден кейін полиция істі прокуратураға жөнелтеді. Алайда прокурор сол күні істі қосымша тергеуге жіберуді ұйғарды. Араша сұрап бойжеткен қоғамдық қордың көмегіне жүгінеді.
"Свет" қоғамдық қорының директоры Кирилл Вшивков:
"Біздің 6 жылдық тәжірбиемізде бұл ең ұзақ әрі қиын істердің бірі. Себебі де түсініксіз, өйткені дәлелдің бәрі бар, куәгерлер бар. Нақты күдікті де белгілі. Осының бәріне қарамастан, жәбірленуші осынша уақыт психологиялық қысымда өмір сүріп келді, ісі сотқа әлі жетпеді",-деді.
Алматы қаласының прокуратурасы бұл іске қатысты ешқандай мәлімдеме жасамай, журналистердің хатына әлі жауап қайтармады. Алматы қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.