Bugin
Фото: pkzsk.info
Солтүстік Қазақстандағы Новоишимское ауылында 11 жастағы бала жоғалып кетті. Ол үйінен қоқыс тастауға шығып, қайтып оралмаған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Petropavlovsk.news сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полицейлері із-түзсіз жоғалған 11 жасар баланы іздеу жұмыстарын жүргізген. Жасөспірімнің жоғалып кеткенін 7 қаңтар күні кешкі сағат 19:30 шамасында ата-анасы хабарлаған. Олардың айтуынша, бала қоқыс шығаруға кетіп, қайтып оралмаған. Іздестіру жұмыстарына ішкі істер органдарының барлық ішкі бөлімшелерінің қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, ұстаздар мен жұртшылықты жұмылдырды. "Lider.kz" еріктілер ұйымының өкілдері полицейлердің үндеуіне бірден ден қойып, із-түзсіз жоғалған азамат туралы ақпаратты әлеуметтік желіде жариялады. Іздестіру жұмыстарының барысынан хабардар болған көптеген жергілікті тұрғындар да өз көмектерін ұсынды.
Он бірінші сынып оқушысы Илья Шенедрук, Тюмень индустриалды университетінің студенті Александр Подольский және 20 жастағы электрик Артур Гарбар баланы бірге іздеген. Олар көпқабатты үйлердің подъездерін, жертөлелерін, шатырларын тексерген. Сағат 24:00 шамасында олар баланы подъездердің бірінен тауып алған. Ол дереу үйіне жеткізілген. Полицейлер оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.