Bugin
Парламент Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп "Уәде" бағдарламасында "Масс-медиа" туралы заң жобасы қашан дайын болатынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ерболат Мұхамеджан жүргізген сұхбатта депутат "Масс-медиа" туралы заң жобасы мәжілістің жұмыс топтарында қызу талқыланып жатқанын айтты. Оны талқылауға қоғамдық ұйымдар, журналистік қауымдастық өкілдері қатысып, заң жобасы қаралып жатқан көрінеді.
"Бірінші оқылым өтті. Екінші оқылымда мәжіліс қабылдаса Сенатқа келеді. "Масс-медиа" туралы нақты әңгімелерді сол кезде айтуға болатын шығар. Қазір қолымызда нақты жоба жоқ. Негізі маңызды заң деп есептеймін. Өйткені ақпарат құралдарының өмір сүруі, қызмет етуі осы заңда қамтылатын болғаннан кейін қоғам тарапынан үлкен маңыз беріліп отыр",-деді Нұртөре Жүсіп.
Сонымен қатар депутат жаңа заңда цифрлық жүйе ерекше маңызға ие болатынын айтты. Әрі депутат журналистерді қорғайтын арнайы механизм болу керек деген тұжырымда.
"Журналистер кешегі пандемия кезінде басын қатерге тігіп жұмыс істеді. Операторлар барып, ауырып жатқан жерлерден, өзекті ошақтардан барып хабар берді. Жанын бәйгеге тігіп. Олар ауырып қалуы да мүмкін еді, өліп кетуі де мүмкін еді. Дәл сол кезде ауырған дәрігерге екі миллионнан төленді. Өлгендеріне он миллионнан төленді. Не сонда журналист адам емес пе? Оның басы қатерге тігілген жоқ па? Оны қорғайтын адам кім, сіз бен біз болмасақ. Журналистерге осындай қорғайтын механизм керек",- дейді депутат.
Ал Ерболат Мұхамеджан медиа нарықтың еркін дамуына үкімет кедергі келтіріп жатқанын тілге тиек етті. Медиаға ешкім тосқауыл болмаса, ол еркін дамитындығын айтты.
"Жергілікті журналистерді облыс әкімдері өздеріне тәуелді етеді. Барлық журналист тәуелді. Біз түрлі жиындарға қатысамыз. Сол кезде өңірлерден келген әр журналистің айтатын мәселесі осы. Біздің аяқ-қолымыз байлаулы",-дейді журналист.
Ерболат Мұхамеджан осындай мәселелердің бәрі заңда қаралуын қадағалау керектігін айтты.