Bugin
Фото: ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданы қалың қардың астында қалды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Күршім ауданында қар көшкіні мен боранның тоқтамай тұрғанына он күнге жуық уақыт өтті. Синоптиктердің болжамына сәйкес, кей жерлерде қар қалыңдығы екі метрге дейін жетеді. ШҚО әкімдігі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша ауылдар арасында көлік қатынасы тоқтаған.
Фото: ШҚО әкімдігі баспасөз қызметі
16 қаңтарда ауа-райы жағдайында ұшуға қолайлы болғаннан кейін ауданға азық-түлік, қажетті заттар мен дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін тікұшақ жіберілді.
"Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында", - деп хабарлады ШҚО әкімдігі.
ШҚО көлік және автомобиль жолдары басқармасының мәліметін сәйкес, Күршім ауданына жол жүруді қамтамасыз ету үшін қосымша техника жіберілген. 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылған. Алайда боранға байланысты жұмыс істеу қиын болып тұр. Сондай-ақ, ауданға ШҚО ТЖД жоғары өтімді техникасы жіберілгені де айтылды.
Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданында да ауа-райының қолайсыздығы өршіп тұр.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанның бірнеше аудандарында ауа райына байланысты мектептердегі сабақтар қашықтан оқу форматына ауыстырылды. Маралды және Тосқайың ауылдық округтерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап онлайн форматта оқиды.
ШҚО білім басқармасының ақпараты бойынша, 16 қаңтарда ауа температурасының төмендеуіне байланысты 0-4 сынып оқушылары үшін екінші ауысым сабақтары Риддер мен Глубокое ауданында қашықтан оқу форматына ауыстырылады.