БІЛІМ
Фото: depositphotos
Алматы – еліміздегі аса қауіпті сейсмикалық аумақ. Ғалымдардың мәліметінше, жыл сайын орта есеппен 400-дей ірілі-ұсақты дүмпулер болып тұрады. Bugin.kz порталы қалада әр жылдары болған ірі жер сілкіністерінің топтамасын ұсынады.
Ең алғашқы жойқын жер сілкінісі 1887 жылы тіркелген. Ол кезде Алматы қаласы “Верный” деп аталған еді. 9 маусым таңғы сағат 5 шамасында шырт ұйқыда жатқан халықты жердің 7,3 баллдық дүмпуі оятады. Деректерге сүйенсек, ол кезде қалада 30 мыңға жуық адам тұрған. Зілзала салдарынан 332 адам қаза тапты. Бейресми деректерге бойынша, бұл жер сілкінісі “Вернендік апат” деп аталған екен.
Осыдан кейін Алматы қаласында ірі және ұсақ жер сілкіністері жиі болды. 1887 жылдан 1890 жылға дейінгі екі жылда 600-ден астам жер сілкінісі болған.
Қала тарихындағы екінші ірі зілзала 1910 жылы 22 желтоқсанда болған. Қала тұрғындары бұл жолы 9 балдық жер сілкінісіне куә болды. Апат салдарынан 44 адам қаза тапқан. Ал қираған ғимараттарда есеп жоқ. Бейресми деректерде бұл жылғы зілзала "Кеминдік апат" деп аталған. 776 үй қирап, үйіндіге айналған.
2003 жылдың желтоқсаны. Магнитудасы 5,7 болатын жер сілкінісі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 310 шақырым жерде тіркелді. Жерасты дүмпулері Алматы облысының Райымбек ауданында сезілді. Дүмпу 7 балға жетті.
Ең қатты зардап шеккен елді мекен жер сілкінісі ошағынан 20 шақырым жерде орналасқан Сүмбе елді мекені болды. Бірнеше ғимарат пен үйдің қабырғасы құлаған.
2003 жылғы 22 мамыр. Алматыдан 300 шақырым жерде ірі жер сілкінісі болды. Зілзаланың эпицентрінде 7-8 балдық көрсеткіш тіркелген. 500 шаршы шақырымнан астам аумақта 8600 ғимарат зақымданған.
Жер сілкінісі салдарынан 3 адам қаза тапты, 26 адам жарақат алды, 20820 адам баспанасыз қалды.
2021 жылы 19 мамырда Алматы уақыты бойынша сағат 07:31:58-де жер сілкінді. Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан шығысқа қарай 410 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 10.1. болса, магнитудасы MPV 4.3. Ал тереңдігі 10 км болған. Қаза болғандар жоқ.
2023 жылы 17 мамырда Алматы қаласында қатарынан 4 рет жер сілкінісі тіркелді. Олардың бәрі Астана уақытымен бір уақытта және бірдей балдық көрсеткішпен болған. Алдын ала мәліметтер бойынша, бірінші жер сілкінісі Қырғызстан мен Қытай шекарасында 10 шақырым тереңдікте магнитудасы 4,9 балл болса, екіншісі Қытайда да осындай тереңдікте, магнитудасы 4,5 балды құраған.
Дәл осы уақытта Алматы аймағында 40 шақырым тереңдікте магнитудасы 4,9 болатын жер сілкінісі болды. Ал тағы біреуі Қазақстан аумағында – Алматыдан алыс емес Кеген ауылында тіркелген. Жер сілкінісі 10 шақырым тереңдікте, магнитудасы 4,7 болды.
2024 жылы 22 қаңтарда Алматы қаласында тағы бір ірі дүмпу тіркелді. ТЖМ ресми мәліметі бойынша дүмпу 5 балдық шкаланы құраған. Жер сілкінісі туралы хабардар болмаған халық абдырап қалды. Алматыны тастап, ауылдарға, қаланың сыртына кеткендер көп. Көп қабатты үйлердің қозғалғандағы видеолары мен таудан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Сейсмологтар мәліметінше, жер сілкінісі әлі де қайталануы мүмкін.
Деректер: informburo.kz, kursiv.media, vesti.kz, BNews.kz сайттарынан алынды.