Bugin
Ержан Шайжан жүргізген сұхбатта эколог Мэлс Елеусізов жер сілкінісінің қауіп-қатері туралы айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Assyltas tv YouTube арнасына сілтеме жасап.
Мэлс Елеусізов Алматыда жер сілкінгенін қиын жағдайға теңеді.
"Үйде едім. Жер үй. Шайқалып жатты. Түсінбей қалдым. Көпқабатты үйден шығу да қиын ғой. Үйде отырдым "не болар екен?" деп. Дайын болдым осыған. Бұдан сәл жоғары болғанда қазір қырғын болып жатар еді. Алматы соған лайық боп тұр қазір. Салған үйдің сапасы жоқ. Қолжетімді үйлерге адамдар әлі кірген жоқ, құлап бара жатыр. Ешқандай зерттеу жоқ және өте биік", - деді эколог.
Мэлс Елеусізов қазіргі үйлерді Кеңес Одағы кезіндегі үйлермен салыстырды.
"Кеңес Одағы кезінде үш этаждан артық үй болмайтын. Одан кейін беске кішкене көтерді. Салған үйлердің арасы өте кең болды",- деді ол.
Сонымен қатар эколог Алматыны ең қауіпті аймаққа жатқызды.
"Мектептерге жер сілкінген кезде не істеу керегін үйрету керек. Біледі ғой бәрі, қауіпті жерде өмір сүріп жатқанын. Жер шарында ең қатты сілкініс болатын жер Жапония, Индонезия, Чили, аралдар және осы Алматы. Дүниежүзінің сейсмологтарының келісімі бар бұған. Әуелден белгілі. Алматыдағы құрылыс халықты қыру үшін жасалған. Қонаевтың сұрауымен ғалымдар келіп арнайы зерттеу жасаған. Қалада 700 мың адам болу керек деген. Қазір 3 миллионнан асып кетті. Тағы 4 қала салмақшы. Түсінбеймін", - деді эколог.
Мэлс Елеусізов Төтенше жағдайлар департаментінің де ісіне наразылық танытты.
"Оларға дұрыс заң енгізу керек. Бәрі іс болып, біткеннен кейін іске кіріседі. Соны болдырмаудың амалын жасау керек қой олар. Қаншама су тасқыны болды. Мысалы оны дұрыстап зерттеп, су қай жерге дейін жүретінін анықтап, сол жерді қоршап тастаса, бірі де болмайтын еді. Қазір күннен-күнге жаман болып бара жатыр", - деді ол.