Bugin

“Digital Almaty-2024”: Х индустриясы – Болашақтың цифрлық эволюциясы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: bugin.kz

Алматы қаласында 2024 жылдың 1-3 ақпан аралығында "Digital Almaty-2024": "Х индустриясы - Болашақтың цифрлық эволюциясы" атты цифрлық форумы өтпек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында  айтты.

Биыл алтыншы рет өткелі жатқан форум ШЫҰ мен ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлерін, әлемнің түкпір-түкпірінен жетекші сарапшылар мен кәсіпкерлерді біріктірмек.

"Digital Almaty іс-шарасына қатысуға Иран, Үндістан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қытай елдерінің халықаралық технопарктерінен ұсыныстар келіп түсті. Бұл мемлекеттер делегацияларының ауқымды форумға қатысуы нәтижелі ынтымақтастықтың негізін қалауға, цифрлық технологиялар саласындағы заманауи үрдістерді, сондай-ақ оларды әлеуметтік, экономикалық және экологиялық міндеттерді шешу аясында қолдану мүмкіндіктерін талқылауға көмектеседі. Мұндай іс-шаралар елдің имиджіне оң әсер етеді. Біздің алдымызда стратегиялық міндет тұр. Ол – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Бұл міндетті іске асыруда осындай маңызды іс-шараларды ұйымдастырудың маңызы зор", - Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов.

Сондай-ақ IT-экожүйе саласындағы жобалар туралы тәжірибе, ақпараттарды бөлісетін, отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесі жоспарланған.

Биыл “Digital Almaty”  VI форумы өнеркәсіптегі цифрлық трансформация, GovTech, 4.0 индустриясы, ESG, Smart City және басқа да салалардағы инновациялық шешімдерді ұсынатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынбақ. Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден аса спикер қатысады. Экономика мен инновация секторларында жаңа технологияларды қолдану жайында табысты кейстерін сіздермен бөліседі. Үш күндік цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатыспақ.

Фото: bugin.kz

Фото: bugin.kz

"Форум аясында жалпы жүлде қоры 150 000 $-ды құрайтын "Industry 4.0 Startup Battle" үздік өнеркәсіптік стартапты анықтайтын ауқымды сайыс жоспарланған. Сондай-ақ, финалистер шара серіктестерінен бонус-сыйлықтар алады. Биыл стартаптар Digital Oil Field, ESG, Smart Mining бағыттары бойынша жарысады",- деп атап өтті Форумның ұйымдастыру комитетінің басшысы Адия Ахметова.

Жалпы, Digital Almaty форумы инновациялық идеялар мен стартап-жобаларды жаңа нарықтарға шығаруда маңызды рөл атқарады. Әлемдік бастамаларға қатысу және өңірлік экожүйелерді қолдау технологиялық индустрияның дамуына айтарлықтай әсер ете отырып, бизнес пен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Әлемдік сарапшылар мойындаған Digital Almaty шарасы былтыр цифрлық тау-кен, мемлекет басқаруын, криптобиржа, киберқауіпсіздік, білім беру және корпоративті инновацияларды талқылауда 150-ден астам спикерді жинады. Сонымен қатар, форум мектеп оқушыларына арналған “Digital Ministry Cup” атты робототехника және инженерлік жобалар бойынша алғашқы халықаралық чемпионатын өткізді. Қазақстан, Ресей және Әзірбайжаннан төрт номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Былтыр форум алаңында алғаш рет “Tech Garden Awards” марапаттау рәсімі өтіп, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, өндіріс жұмыстарына инновациялық жобаларды енгізгені үшін өнеркәсіп орындары мен индустриялық кәсіпорындар марапатталды.

Форумның пленарлық отырысына ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары қатысты. Спикерлер цифрлық инфрақұрылымның тұрақты дамуы мен телекоммуникациядағы жаңа технологияларды талқылады. “Digital Almaty” ЕАЭО елдерінің цифрлық күн тәртібін талқылайтын платформа мен үздіксіз үрдіске айналды. Биыл ол "Х индустриясы" – Болашақтың цифрлық эволюциясына назар аударта жаңа бағытты қамтып жатыр.

Digital Almaty ұйымдастырушылары: Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және "Инновациялық технологиялар паркі" дербес кластерлік қоры (Tech Garden).
 
ҚР ЦДИАӨМ баспасөз хабарламасы