Bugin

"Жұмбақ жағдайда жоқ болды": 5 жылдан бері жоғалған жігітті туыстары іздеп жүр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Асылан Бәуенов, Астана арнасы

Елімізде 10 мың адам іздеуде жүр. Айдың күннің аманында адамдар қайда жоғалады? Табылғандары бар ма? Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Астана  арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қостанай облысында 4 жыл бұрын жоғалған Руслан Жұбанышевтан әлі хабар жоқ. Он жеті жасында із-түзсіз кеткен бозбаланы ата-анасы, ағайыны әлі күнге дейін іздеп жүр. Оны соңғы рет Ілияс Омаров ауылындағы көл жағасында көрген. Достарымен бірге балық аулауға барған колледж шәкіртінің содан бері қайда кеткені белгісіз. Көл жағасынан ізім-қайым болған жасөспірімді жарты миллионға жуық адам іздестірген еді. Ал туған туыстары құлдықта болуы мүмкін деген болжам айтады.

Оның жақыны Анар Жұбанышева:

"Біз үміттенеміз. Оны табамыз деп. Іздейміз оны. Бірнеше бақсы бізде болды. Экстрасенс болды. Енді білмейміз біреу солай айтады. Біреу басқаша айтады. Бірақ біз ол үйге келеді деп үміттенеміз",-деді.

Ал Орал қаласының тұрғыны Асылан Бәуеновты туыстары 2019 жылдан бері іздестіріп жатыр. Арақ пен темекі секілді зиянды әдеттен аулақ жігіт сол кезде қалалық сотта жұмыс істеген. Кейін ауыл жақтан шаруа қожалығын ашам деп шығып кеткен ол үйіне оралмапты. Ұлының бір дерегі шығып қалар деген үміт әкесі тіпті Ресейді шарлап, көршілес облыстарға сұрау салған. Бірақ нәтиже жоқ. Шарасыз туыстары Асыланның хабарын айтқан жандарға 1 миллион теңге сыйақы бермекші.

Асыланның туысы Нәжімеден Бәуенов:

"Атырау жаққа да бардым, Ақтөбе жаққа да бардым. Көріпкелдерге бардым бірталайына. Үш айдан кейін, үш күннен кейін, үш жылдан кейін келеді деді, білмеймін енді. Алла қосса келіп қалар",-деді.