Bugin
Фото: depositphotos
Соңғы аптада қызылша жұқтырғандардың саны көбейген, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Елордада осы аптада күніне 48 қызылша жұқтырғандар тіркелген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялық қызметте өткен брифингте Астана қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлім етті. Оның айтуынша, соңғы аптада қызылшамен ауыру көрсеткіші 1,1 есеге өскен. Эпидемиолог мұны жаңа жылдық мерекелер кезінде адамдардың белсенді әрі тығыз араласуымен байланыстырады.
“Қазір желтоқсанмен салыстырғанда бір жасқа дейінгі балалар мен үш жасқа дейінгі балалар арасында ауру жұқтырғандар саны азайған. Оның себебі – қосымша жаппай иммундаудың нәтижесі”, дейді Бейсенова.
Қаңтар айының басынан бері ата-анасы екпеден бас тартқан 4529 баланың 995-ін екпе салдыруға көндірген. Бүгінде балаларға арналған жұқпалы аурулар ауруханасында 220 бала емделіп жатыр, оның екеуі жансақтау бөлімінде екені айтылды.
Өткен жылдың желтоқсан айында БҰҰ Балалар қоры “ЮНИСЕФ” Қазақстанды қызылшаның таралуы бойынша әлем бойынша бірінші орынға шығарды. Елде қауіпті инфекциядан екі бала қайтыс болған. 2023 жылы 29 648 қызылшаны жұқтыру жағдайы тіркелген.