Bugin

Екі мәйіт шығарылды. Қарағандыда газ баллоны жарылып, тұрғын үй опырылды (ВИДЕО)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Абылай Сұлтанғали парақшасынан

Қарағанды ​​облысында газ баллоны жарылып, екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиғаны Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали әлеуметтік желісінде мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Газ баллоны 30 қаңтар күні түнгі 00:07-де Әуезов көшесіндегі екі қабатты, екі подъезі бар 12 пәтерлі тұрғын үйдің бірінде жарылған. Түн ішіндегі жарылыстан ғимараттың екінші қабат опырылып түскен.

Қарағанды ​​облысында жарылыс болған кезде үйде 35 адам болған. Үйінді астынан екі адамның мәйіті табылды.Ал жарылыстан зардап шеккен бес адамның үшеуі - балалар. Олар Ботақара ауылының орталық ауруханасына жедел жеткізілген. Оқиға орнына жедел штаб құрылды. 25 тұрғынға жедел психологиялық көмек көрсетілген.
 

"Өздеріңіз білетіндей, екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны атылды. Өкінішке орай екі адам қайтыс болды. Қаза тапқандардың отбасылары және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккен тұрғындарға көмек ұсынылып, уақытша орналастырылды. Біз қазір оқиғаны реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Жағдай облыс әкімінің бақылауында", - деп жазды Facebook парақшасында аудан әкімі Абылай Сұлтанғали. 

Оқиға орнындағы апатты жою үшін 45 адам мен 13 техника жұмылдырылған.