Bugin
Фото: Шетелдегі қазақ балалары бағдарламасынан
1999 жылы Қарағандыдағы балалар үйінде тәрбиеленген Әлия мен Руслан есімді жетімдерді америкалық ерлі-зайыптылар асырап, өсірген. Бүгінде 25-тен асқан қазақ балалары отбасын құрып, өмірлік жолын тапқан, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Шетелдегі қазақ балалары" бағдарламасына сілтеп.
Екеуін 1999 жылы Қарағандыдағы "Малютка" деген балалар үйінен асырап алдық. Қазіргі атауы "Шапағат" болып ауысыпты. Русланның жасы 2-де, Әлия 3-те болды. Екеуі де кішкене сөйлей алатын. Бірге туған бауырлар емес, әке-шешесі бөлек. Қазақстаннан бала асырап алуға 8 отбасы болып бардық. 8 үйдің алтауы екі баладан алды. Екі отбасы бір-бір баладан асырап алды. Балалар үйінен алып кетерде Әлия көзіне жас алып жылады, Руслан күліп-ойнап кете барды, - дейді Руслан мен Әлияны асырап алған ерлі-зайыпты Эсперлер.
Бүгінде 1996 жылғы бойжеткен тұрмысқа шығып, ана бақытын сезінген. Ол 2019 жылы Юта штатының тұрғыны Панкель есімді азаматпен бас қосқан. Тіпті Натали баласына қарап өзінің кішкентай кезін көреді екен.
"Өзім көп балалы болғым келеді. Бәрін Қазақстанға апарып көрсетуді армандаймын. Төрт балалы болып, бесіншісін асырап алсақ тіптен жақсы. Болашақта баланы мен де Қазақстаннан асырап алғым келеді. Баланы жетім қалдырмаудың қаншалықты жақсы екенін өз тәжірибемнен білемін", - деді Әлия-Натали.
Кішкентай күнінен шетелде өскен қыз Қазақстанды ұмытпайтынын айтады. "Мен осы елден екенімді мақтан етемін!" деген қазақтың Әлиясы түп-тамырын анықтап, туыстарымен танысқысы келетінін айтты.
Ал қара домалақ қазақ баласы Руслан - жас кәсіпкер. Сонымен қатар, спортпен айналысатын бапкер "жетім бала жақсы отбасында өсуге лайық" деп есептейді.
Өзімді Америкадағы аз қазақтың бірі сезінемін. Менімен тағдырлас адам көп емес. Қазақстаннан екенімді әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Қазақстан менің өз үйім, Қазақстан - менің мәдениетім. Мен сол мәдениетпен дүниеге келдім және өле-өлгенше сол мәдениеттің бір бөлігі болып қаламын, - дейді Нейль (Руслан).
Тепсе темір үзетін азаматқа айналған Руслан алдағы уақытта қазақ тілін жетік меңгергісі келетінін айтты.