Bugin
Фото: Twitter
Иорданияның Сириямен шекарасында орналасқан АҚШ әскери базасына ұшқышсыз ұшақ шабуыл жасады. Нәтижесінде үш америкалық сарбаз қаза тапты. АҚШ басылымдарының хабарлауынша, 34 сарбаз жараланған. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
АҚШ президенті Джо Байден шабуылды Иран қолдайтын топтар жасады деп мәлімдеді.
"Біз шабуылға қатысты барлық фактіні жинауды жалғастырамыз. Бұл шабуылды Сирия мен Иракта әрекет ететін Иран қолдайтын топтар жасағанын білеміз. Барлық кінәлілер жазаланады", - деді Байден.
Бұған дейін әскери базаға жасалған шабуылдың салдарынан 25 америкалық әскери қызметкер зардап шекті деп айтылса, кейінірек америкалық БАҚ 34 әскери қызметкердің түрлі дәрежеде жарақат алғанын, миы шайқалғанын хабарлады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, ұшқышсыз ұшақ АҚШ әскери базасының казармасының маңында құлап, көптеген адам шығыны болған. Ақ үйдің хабарлауынша, Пентагон басшысы Ллойд Остин мен басқа да әскерилер жексенбі күні таңертең Байденге шабуыл туралы хабарлаған.
Америкалық басылымдардың хабарлауынша, шабуыл Иорданияның Рукбон шөлдерінде орналасқан «Тауэр 22» әскери базасына жасалған. Иорданияның солтүстік-шығысындағы бұл әскери база Сирия шекарасында орналасқан. 700 метрге 900 метр аумақта орналасқан базада 70 ғимарат бар. Базада ұшу-қону жолағы жоқ, бірақ БАҚ онда кем дегенде 9 тікұшақ сақталғанын анықтады.
Осы базаға жақын шекараның Сирия жағында АҚШ-тың Ат Танфа әскери базасы да орналасқан. Иорданиялық тарап әуелі шабуылдың осы базада жасалғанын хабарлады. Америкалықтар бұл құпия базаны 2016 жылы ДАИШ-ке қарсы күресте пайдалана бастады.
7 қазанда Хамастың Израильге жасаған шабуылынан кейін АҚШ Таяу Шығыстағы белсенділігін арттырды. Бұл сол уақыттан бері аймақтағы америкалық сарбаздардың өліміне қатысты алғашқы оқиға.