Bugin
Фото: nur.kz
"Ұлттық қор-балаларға" бағдарламасы бойынша 7 миллионнан астам балаға ақша аударылды. БЖЗҚ-ға 18 жасқа дейінгі балаларға түскен алғашқы жинақтар - 100$, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
2024 жылдың 1 қаңтарынан "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы есеп бойынша кәмелетке толмаған және Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркелген.
Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны - 6 919 131. Яғни, 01.01.2006 жылдан бастап 31.12.2023 жылға дейін туған балалар есепке ілінген.
Олардың барлығына 2023 жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелген.
Құзырлы органдардың мәліметінше, бұл сома тек алғашқы есептеулер. Демек, жыл сайын бұл қаражат Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырмақ.
Ең тиімдісі заңға сәйкес, нысаналы талаптарды пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайда болады. Бұл ақшаны бала 18 жасқа толмай жатып ала алмайды. Кәмелетке толған жылы жинақталған нысаналы талаптар сомасы БЖЗҚ-да ашылған баланың нысаналы жинақтау шотына тұрғын үйге немесе білім алуға пайдалану үшін аударылады.
Баланың бағдарламаға қатысуы туралы және есептелген нысаналы талаптар туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері kids.enpf.kz сайтында тексеріп отыруына мүмкіндік бар. Бар болғаны көрсетілген сайтқа баланың ЖСН нөмірін енгізу керек.