Bugin

Майқайыңда қаза тапқандардың отбасына қандай көмек көрсетілетіні айтылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Ашық дереккөзден

Бүгінде Майқайың кентінде қаза тапқандардың отбасына «Майқайыңалтын» АҚ 2 миллион теңге берсе, одан бөлек тағы 2,5 млн теңге материалдық көмек көрсетілгені айтылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі іздестіру жұмысы аяқталған соң қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына ірі көлемде материалдық көмек беру туралы сұрақтар пысықталуда екенін мәлімдеді.

Одан бөлек, кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталығы асыраушысынан айырылған отбасыларға 1 млн 846 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек көрсеткен.

Ал марқұмдардың жерлеу рәсімдеріне 369 200 теңге берілсе, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге 347 мың теңге төленгені анықталды.

Бұл төлемдерді денелері табылған 2 құтқарушының отбасылары алды. Іздестіру жұмысы аяқталғаннан кейін жоғалған адамдардың (1 құтқарушы, 1 жүргізуші) денесі табылған жағдайда немесе қайтыс болды деп танылса, қалған отбасыларға да осындай сома тағайындалады, - деп жазылған хабарламада.

Әкімдіктің хабарлауынша, асыраушысынан айырылу бойынша отбасы мүшелеріне әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.

Жергілікті атқарушы орган кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайыңалтын» АҚ-дан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселе пысықталып жатыр. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есе көп. Төлемдердің нақты сомасы іздестіру жұмысы аяқталғаннан кейін хабарланады, - деп жазылған хабарламада.

Апат болған жерден 2 құтқарушының денесі табылған. Тағы 2 адам әлі іздестіріліп жатыр.

Әзірге апат болған аймақтан құтқарушының сөмкесі табылған. Ал ТЖД автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін деген болжап отыр.