Bugin
Фото: Азттық радиосы. Бибігүл Рамазанның фейзбук парақшасынан
Қазақстан әскери сотының апелляция алқасы "шекара бекетінде асылып өлген" сарбаз қазасына бір әскери қызметкерді кінәлі деп тапты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі “Азаттық" радиосына сілтеме жасап хабарлайды.
"Шөлдала" шекара бекетіндегі іске қатысты сотталған әскери қызметкердің адвокаты Сержан Пірәлиев жаңа деректерді мәлімдеді.
2022 жылы тамызда Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бекетінде қаза болған қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың өліміне қатысты істің апелляциясын әскери соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қараған.
Сот алқасы істегі жалғыз сотталушы, сержант Айбек Нұртаевты "билігін асыра пайдаланды" және "бопсалады" деген айыппен 7 жылға соттады. Сот "жыныстық зорлық болғаны туралы және сол қылмыс телефонға түсірілгені жайлы факті дәлелін таппады" деп шешкен.
Сотталушының адвокаты Сержан Пірәлиев бұған келіспейді. Ол қаза болған сарбаздың аузынан, киімдерінен табылған бірнеше ер адамның шәуеті биологиялық сараптамада дәлелденді деп санайды. Ал екіншісін растайтын үш адам сотта куәлік бергенін айтты.