Bugin
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Денис Шипп Жоғары сот кеңесінің 2023 жылғы қызметінің қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының қазіргі жай-күйі, алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады.
"Кеңес былтыр Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндетті жүзеге асырды. Жоғары сот кеңесін институционалдық тұрғыда күшейту және судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттіктерін уақытша тоқтату немесе мүлде тоқтату мәселелерін аталған органның құзыретіне беру жұмыстары атқарылды" , деді Денис Шипп.
Сондай-ақ, Кеңестің судьяларды іріктеу тәртібін жетілдіру, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету жұмыстары туралы айтты.
"Қабылданған шаралардың нәтижесінде жаңадан тағайындалған судьялардың қатарын көбейту үрдісі сақталып отыр;
Былтыр судья лауазымына алғаш ұсынылған азаматтардың саны сот жүйесінен кеткендерге қарағанда 32 адамға артық болған;
Гендерлік тұрғыдан әйел судьялардың саны ер адамдармен салыстырғанда 172 адамға көп. Судьялардың орташа жас мөлшері – 46 жас, ал еңбек өтілі – 13 жыл",деді Денис Шипп мәлімдемесінде.
Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге және оларды сапалы түрде іріктеуге бағытталған реформаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.