Bugin
Фото: EPA-EFE/REX/SHUTTERSTOCK
Чилидегі орман өртінен 112 адам қаза тапты. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Чили президенті Габриэль Борич Вальпараисо аймағында төтенше жағдай жариялады. Ол жағдайды шешу үшін "барлық қажетті ресурстарды" қамтамасыз етуге уәде берді.
Өрт қазірдің өзінде кең аумақты қамтыды және құрбандар саны артуы мүмкін, деп ескертті билік. Қазір олардың мәліметінше, республика бойынша 40 белсенді өрт тіркелген.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, Орман өртімен күрес жөніндегі аймақтық комитет (COGRID) зардап шеккендердің 45-і оқиға орнында өлі табылғанын, ал қалғандары күйік салдарынан ауруханаларда қайтыс болғанын хабарлады.
Өрт жазғы аптап ыстықтан кейін, температура 33°C-тан жоғары көтерілгеннен соң басталды.
Таулардан басталған өрт жағалаудағы аудандарға өтіп, Вина-дель-Мар және Вальпараисо қалаларына жеткен. Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлар өрттің Вина-дель-Мар қаласына апаратын бірнеше тас жолды жауып тастағанын көрсетеді. Құтқару қызметінің жұмысын жеңілдету үшін билік сағат 21:00-ден бастап коменданттық сағат енгізді.