Weekend

Қазақ қайдан байиды?

Марафон

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Марафон дегенді естуіңіз бар ма?! «Ол деген жүгіру емес пе?!» деп жарыса жауап беріп отырған боларсыздар. Әлемде түрлі қызық бар... Әлемді былай қойғанда, өз елімізде де түрлі өзгерістер белең алуда. Елу жылда ел жаңа. Жаңалықтар шаш етектен. Айтайын дегенім – марафон. Ол сіздер ойлағандай жүгіруден жарыс қана емес екен. Ал мархабат, құрметті оқырман. Марафонның қызығына бірге ілесейік...

Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы кімнің қайда жүргенін, не жегенін, тіпті не кигенін көріп, «бақылап» отырамыз. Өз өмірімізден біреуге есеп берердей, болмаса, өміріміздің жарқын сәттерін әлем назарына ұсынамыз сол арқылы. Электронды фотоальбом ретінде қолданысқа енген әлеуметтік желі бүгінде бизнес әлемге де жол ашуда. Миллиондаған оқырманы бар желі сізге де тансық емес қой?! Фотосуретіңіздің астында түрлі жазбалар да көп. Олар тамыр-таныстарыңыздың жағымды жазбаларынан бөлек, бизнес ашуға, бай болуға, арықтауға, тіптен, бала күтімі, шаш үлгісі, толып жатқан кеңестерге, ақылға үйрететін парақшалар өздерін жарнамалап жатады. Бала күтімі, тырнақ, шаш үлгісі, киім дүкендері керегімізге жарап қалар. Бірақ, бай болуға шақыратындарды түсінбей-ақ қойдым. Әлде айналасындағы туыс, таныстарын байытып болып, қазақтың бәрі, халықтың бәрі дәулетті болсын деген кеңпейілділік пе бұл? Олай болса жақсы ғой. Кедейдің бай, байдың құдай болсам деген армандары орындалады емес пе?! Тіптен, қалта толы ақшамыз болса, жарқыратып киініп, зәулім үйдің терезесінен теңізді тамашалап, қымбат көлікпен қала аралап, жетім-жесірдің барлық жағдайын жасап, балқып-шалқып өмір сүрер ек. Еһ, қиял шіркінде шек болған ба?! Әй, қайдам?! Қанша жерден халықтың әлеуметтік жағдайы жөнге келтірілген деп жарияға жар салғанымызбен де, жыртығын әрең жамап отырғандар қаншама?! Тегін ірімшіктің тек қақпанда болатынын ұмытпайық! Тағы да тақырыптан ауысып бара жатқан сыңайлымын ба?! Онсыз да нарықтың «назын» әрең көтеріп жүрген халықтың, өзгеге де өзіндей сенетін көнбіс халықтың арамзалардың арбауына түспесін деген жанашырлық қой. Бәлкім, осындай маркетингтен жағдайын жасағандар да бар шығар. Бірақ, менің естіп, көргенімде ұтқандар емес, ұтылғандар көп. Өкінішті, әрине.

Ал, бастапқы марафонға қайтып оралсақ... Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл тек жарыс қана емес екен. Біреуге көмек те марафон деп аталатынын біреу естісе, біреуге жаңа нәрсе болар. Бұл өзімнің қолданған нәрсем емес. Тек, әлеуметтік желіден жарнамасын көргесін айтып отырмын. Үй жинаудың марафоны, балаға сабақ оқыту, ұлы сөзде ұят жоқ, балалы болу, тағы басқа, көптеген тіптен, көзге майда-шүйде болып көрінетін істерді де желіде үйретеді екен-мыс. Одан қалса, мативация беретін курстар да ашылыпты. Бұған не дейсіз? Ойлағаныңыз орындалмай жатса, қу тірліктен шаршап, өзіңізді дәрменсіз сезінгенде біреудің руз беріп, жылы сезімен желп отырғаны ғанибет, әрине. Бірақ, сол мативация бергіш «ақылдылар» кім? Өмірдің өзін алып жығып, тау қопарғандар сірә?! Әйтпесе, өрімдей жастар өзгені қайтіп өмірге тәрбиелесін? Тәрбие беруді, тұлға болып қалыптасуды үйренген дұрыс қой. Бірақ, ақша төлеп, соны үйренбек кімге пайдалы? Соның астарына бардық па?! Адам боламын десең, Абайды оқы! Ақы талап етпейтін ақылды қолдана білу керек. Ал, тапқан-таянғанын марафонға жұмсау ақылды болудың баспалдағы емес, ақымақтық!

Менің айтпағым, әлеуметтік желіні дұрыс пайдаланып, керегімізге жарата білейік. Ал, жалған жарнама арқылы «жақсылыққа» жетелейтіндерден алшақ болған абзал.