Bugin
Фото: malim.kz
Осыдан 16 жыл бұрын болған "Абай" шахтасындағы жарылыстан 30 кенші бақилық болды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
2008 жылғы 11 қаңтарда сағат 9.20-да "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Абай" шахтасында 32к-10С лавасында метан жарылған. Алапат жарылыс болған кезде шахтада 190-ға жуық кенші болған.
Авариялық-құтқару жұмыстары барысында "Көмір" әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің тау-кен құтқарушылары 7 кеншінің мәйітін тауып, жер бетіне шығара алады.
Дегенмен қайтыс болған 23 шахтердің мәйіті табылмады. Олар жарылыстың эпицентрінде болды деген ақпарат тарап, өрттің өршуі салдарынан апат болған жерге кіруге тыйым салынды.
Бірнеше айдан кейін ғана құқық қорғау органдары 23 кеншіні "өлді" деп таныпы, олардың туыстарына арнайы куәлік берген болатын.
Қарағанды облысының әкімдігі мен "Абай" шахтасына тиесілі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қаза тапқан кеншілерді еске алу монументін апатты лаваның үстіне орнатқан.