Bugin
Фото: Видеодан скриншот
2006 жылы 11 ақпанда саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісін ұстап әкеткен ҰҚК-ге қарасты "Арыстан" арнайы жасағының командирі Еділ Әбікенов Азаттыққа сұхбат берді. Оқиғаның қалай болғаны, билік өкілдерінің қатысы мен күмәнді деректер туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
“Біз протоколға сай әрекет еттік. Қателігіміз біз соңына дейін қалмадық. Кетіңдер деп қайтарды.Біз сол кезде қалу керек едік. Қалғанда, ештеме болмайтын еді”,-деді ол.
Ол 12 жыл қамаудан соң, бақылауда. Сондықтар артық ештеме айтқысы келмей тартынды. Ол сәтке қайтқысы келмегендіктен кейіпкер артық нәрселер айтудан бас тарта берді.
“Жарияланбаған, айтылмаған нәрселер қазір айтылмайды. Мүмкін тәтпіштеп айтып берсем, мүмкін ертең екеуміз басқа жақта сөйлесіп отырамыз”,-деді ол.
“Мен өз кінәмді мойындаймын. Менің қателігім бар. Қатысы бар адамдардың көбі өліп қалды. Сотта ешкім тыңдамады. Қару-жарақты қалай кезекшіден алып кетуге болады?”,-деді Әбікенов.
Журналист Манас Қайыртай Әбікеновтен “автоматты алып кетуге құдіретіңіз болмады ма?” деп сұрады.
“Ол жерде құдірет жоқ. Учет бар, запись бар. Есік ашсаң, сигнализация ойнайды. Ол жер мемлекеттік мекеме ғой”,-деді ашынған кейіпкер.
Сот үкіміне сай Әбікенов 14 жыл түрмеге тоғытылған. Ол соттағы соңғы сөзінде “қанша жыл осы жүйеде жұмыс істеп, карьерамның соңында түрмеге отырамын деп ешқашан ойламаппын”,-деген.
“Мен бәрімізді атып тастайды деп ойладым. Бірақ түрмеге отырғызды. Алтынбек Сәрсенбайұлының кім екенін білген жоқпын. Бізге коммерсант деп айтылды. Сотта таныдым кім екенін. “Арыстанның кез келген жігіті, спецназ политикаға кірмейді. Бізге айтты, істедік болды. Біз тема жабылды деп ойладық. Сотта білдім, кімнің кім екенін. Мә, біз попали, конкретно ребята, дедік сотта. Мен достойна отырдым түрмеде. Үш адамның өмірі деген сұмдық қой енді. Білмеймін, қалай дәті барып атты соны әлі миыма кіріп шықпайды. Спецназ болып қанша жыл істесем де, қолын байлап, ату деген болмаған. Ол айуандық. Мен былай кездескенде де айтқам. ”,-деді ол.
Журналист Алтынбектің өліміне байланысты өмір бойы түрмеге тоғытылған Рустам туралы сұрағанда, кейіпкер:
“Оны 1-2 рет қана көргем. Тойда, бір жерде көрдік. Оның связы мықты болды ғой. Жаңағы верхушкалармен жақсы мәміледе болды. Мен оны агент, авторитет деп ойладым. Бәрі оны сыйлап амандасатын. Оның таныстарының бәрі верхушкада отырды ғой. Тойда кездестік”,-деді.
Оқиғадан бір ай бұрын Рустам бәрін жоспарлаған. Ол бәрінің жоғарыдан шешілетінін айтқан.