Bugin
Фото: әлеуметтік желіден алынды
Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі басталады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Бұл туралы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Жақында Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты аты шулы іске қатысты сот процесі басталады. Әр түрлі қорқынышты оқиғалар біздің бәрімізді таңғалдырғаны рас. Әр оқиғадан кейін ең үлкен мәселенің қақпағы ашылады: ол - әйелдер мен балалардың өз жақындарының қолынан зардап шегуі. Әлі күнге дейін үйдегі зорлық-зомбылықты ақтауға болады дейтін адамдар барын байқаймын. Кез келген зорлық-зомбылық үшін жаза бұлтартпас әрі ең қатал болуы керек", деп пікір білдірді.
Сондай-ақ, Закиева Бишімбаевты ақтап алу амалдары жасалып жатқанын да ескертіп, дабыл қақты.
"Салтанат Нүкенованың ісін бастамас бұрын немесе сот кезінде сотталушыны ақтау мақсатында деректерді бұрмалау әрекеттері жасалып жатыр деген ақпарат бар. Қазірдің өзінде кейбір адамдар осы медиа науқанға кірісті. Қалай ғана бұған қатыса алады, қалай ғана зорлықты ақтауға болады?! Нағыз сот бұл іс бойынш нақты жаза тағайындап, қылмыстың өтеуі жаза екенін дәлелдеуі керек", деді ол жазбасында.
Динара Закиева өзінің жазбасында "Ел азаматы, әйел, бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде сот процесін мұқият қадағалаймын. Қоғам болып балаларға, әйелдерге жасалған кез келген зорлықта әділдікке жетуіміз керек", деп пікір білдірді.