Bugin
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
14 ақпанда дүниежүзінің көптеген елдері “Ғашықтар" күнін атап өтеді. Сүйген жандар бір-бірін қуантып, арнайы сыйлықтарын ұсынатын күн. Біздің елімізде де ғашықтар күнін тойлау әдетке айналып келе жатыр. Дегенмен, “Ғашықтар күні - 14 ақпан емес, 15 сәуір, "Валентин" күні - біздің мейрам емес” деген қарама қайшы пікірлер де бар. Bugin.kz тілшісі осы тақырып төңірегінде әртүрлі аудиториядан сауалнама алып, түрлі жастағы адамдардың пікірін білді.
“Валентин” күнін тойлайсыз ба? Бұл күн туралы пікіріңіз қандай?”, деген сұраққа бірнеше адамнан жауап алдық.
Ербол Қасымов, төрт баланың әкесі.
"Бұрын кеңес жылдарында тойлау қызық болған. Ол кезде біз бозбала ек. Кейін уақыт өте келе бұл мерекені тойлауды ұмыттық. Десе де отбасы болған соң кейде келіншегімнің сыйлық алуға деген ниетін көріп қаламын. Содан көңіл үшін алып беруге тырысамыз. Ашығын айтқанда тойламаймыз, бірақ Құдай қосқан қосағыңның көңілі үшін сыйлық береміз. Валентин күні дегенді қазақ жастарының санасынан шығарып тастаған дұрыс секілді. 15 сәуір Қозы көрпеш пен Баян сұлу күнін дәл осы Валентиннің дәрежесіне жеткізгеніміз дұрыс. Алдағы болашаққа берер сыйлығымыз сол деп білемін", деген ойымен бөлісті.
Айнұр Керімбекова, мұғалім
"Мектеп шағымызда біз де бұл мейрамды тойлайтынбыз. Бір-біріне ашықхаттар (открытка) беріп, сезімдерін білдіріп жататын. Дінімізге жат мейрам болғандықтан, қазір тойламаймыз. Жаныңда сүйіктің болса, ғашықтар күнін күтпей-ақ әр күнің мейрам болады деп ойлаймын", деп аікір білдірді.
Марал Асқарқызы, жеке кәсіпкер
"Тойламаймыз, біз үшін ғашықтар күні - 15 сәуір. 14 ақпан - Валентин күні, бұл мейрам қазақтарда жоқ. Сол себепті біз сәуір айында атап өтеміз. Дегенмен, бұл мейрам туралы әркімнің пікірі әртүрлі болуы мүмкін. Барлық адамның ұстанымы бір-біріне ұқсамайтындықтан, тойлайтын адамдардың да пікірін оң қабылдаймын. Себебі: кез келген адам бақытты болуға, күн сайын болмаса да осылай арасында қуанышқа кенелуге құқы бар. Демек, көңіл күй үшін, шаттық үшін кішігірім атап өтетіндердің идеясын қолдаймын" деген ойын айтты.
Ильдар Адильченов, журналист
"Валентин" күніне келетін болсақ, жас жігіттің мектеп кезде өз сезімін білдіруге арналған бір “методы” деуге болады. Қазіргі кезде елдегі діни насихаттаудың әсерінен оны тойламау керек деп айтады. Бірақ, мен бұл жағдайда екі ғашықтың өздері шешу керек деп ойлаймын. Әркімнің өз қалауы өзінде. Ғашығыңды қуатқың келсе, тағы бір себеп осы күн болатын шығар", дейді Ильдар мырза.
Аружан Мұхамеджан, студент.
"Валентин күнін мейрам ретінде қарастырмайды екенмін. Өз адамымның болмауынан ба, бұл күннің тарихын білгеннен бе, тек сыйлық алып, бір-біріңе деген ілтипат білдірудің мыңнан бір себебі ретінде көремін. Алайда, шын ғашықтарға ол үшін себеп те керек емес шығар? Егер ғашықтар күнін тойлауға себеп керек болса “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” мерекесін атап өтуге болады. Ал, Валентин күні ғашықтарға арналған ұлттық мейрамымыздың жеткіліксіз насихатталу себебінен тойланып жүр деп есептеймін", дейді өз пікірінде.
Нұржан Төлеубекұлы, оқушы
“Валентин" күнін тойламаймын. Бұл күнді ерлі зайыптылар тойлайды. Себебі, махабат күні. Болашақта жұбымды тапсам тойлаймын", деп ойын бөлісті.
Әр мейрам - қуаныш. Жақыныңыздың көңіліне қуаныш ұялату үшін белгілі бір күнді күтудің қажеті жоқ. Шын сүйіп қосылған жандар үшін әр күн - мейрам.
“Валентин” күнін тойлайсыз ба?” деп оқырмандарға сауалнама жолдаған едік.
Bugin.kz инстаграм парақшасындағы оқырмандарымыздың пікірі төмендегідей:
20 сағатта жауап берген 640 адамның ішінде:
Иә (әр мейрам - қуаныш) - 5 пайыз;
Жоқ (дінімізде болмаған) - 71 пайыз;
Жұбымды тапсам, тойлаймын - 7 пайыз;
Нейтралды пікірдемін деп - 17 пайыз адам пікір білдірді.
Ал аудиториясы жастардан құралған жеке инстаграм парақшадағы сауалнама нәтижесі төмендегідей:
24 сағатта жауап берген 150 адамның ішінде:
Иә (әр мейрам - қуаныш) - 27 пайыз;
Жоқ (дінімізде болмаған) - 22 пайыз;
Жұбымды тапсам, тойлаймын - 15 пайыз;
Нейтралды пікірдемін деп - 36 пайыз адам пікір білдірді.