Bugin
Фото: depositphotos.com
WhatsApp арқылы 190 адам бар топқа жоғарғы оқу орнында оқитын студент қыздардың денсаулығына қатысты ақпарат жазылған төрт құжат таратылғаны туралы ақпарат шыққан. Онда флюорографиядан өтуі керек студенттер белгіленген. Кестеде қыздардың ЖСН, телефоны және гинекологиялық сипаттағы деректері көрсетілген. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі заңгер Ләззат Рақышеваға сілтеме жасап хабарлайды.
Заңгер жеке парақшасына:
"Елдікі өсек, талқылау, ал біреулер үшін тыныш өмірдің астаң-кестеңі шығып жатыр.
Студент қыздардың бірінің анасы хабарласты. Етегі жасқа толып отыр. Айтуынша, қызы 5 жас кезінде 25 жасар көрші педофил зорланған екен. Сот болып 9 жылға ғана сотталған. Содан 7 жыл ғана отырып, тағы адам өлтіріп сотталған! Сол сұмдықты ұмытуы үшін көп жұмыстанған қызымен, болған жайтты ұмытсыншы деп маманға да апарған. Туған ауылынан көшіп басқа қалаға қоныс аударған. Арада зымырап он бес жыл өтіп, қызы енді ғана есін жиды ма дегенде кешегі жағдай болып тұр."Біздің елде кімге сенім бар осы? Не орган, не оқу орны қорғай алмайды. Кімге сеніп, кімге арқа сүйеуіміз керек? Нағыз тексергіш болса, неге педофилдердің санын реттеп, солар туралы ақпаратты неге жарияламайды? Қаншама адамның өмірін қор қылады ғой кешегі жағдай. Үкімет зорланғандарға не қолдау, не қорғауға жоқ, тым болмаса жарты әлемге жар салмаса болмай ма? - деп зар жылайды анасы.
Расымен, біреудің жеке дерегін желіге жариялап, елге тарату – үлкен қылмыс. Конституцияда еліміздің басты байлығы адам және құқықтары деп нақты көрсетілген. Осы басты байлықты аяққа таптап, елдің өміріне қатысты құнды мәліметті қатын өсек ретінде таратқандар қатаң жазаға тартылсын. Талап етеміз!",-деп жазды.