БІЛІМ

“Оңай әрі жылдам”: ҰБТ-ға оқушылар енді тегін дайындала алады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Bugin.kz/ Айгерім Әділханова

Bugin Holding компаниясы мектеп оқушылары үшін ҰБТ-ға дайындалатын қолайлы викторина жасап шығарды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.

Ең әуелі Додалас деп іздеу жүйесіне жазыңыз. ДоДа боты алдыңыздан шығады. Бастау батырмасын басқан соң, сіз ойынға қатыса аласыз. Викторина тіркелуді қажет етпейді.

Ең әуелі Додалас деп іздеу жүйесіне жазыңыз. ДоДа боты алдыңыздан шығады. Бастау батырмасын басқан соң, сіз ойынға қатыса аласыз. Викторина тіркелуді қажет етпейді.

Жоба атауы – DoDa. Басты ерекшелігі – түлектер ҰБТ-ға ойын түрінде дайындала алады. Викторина ҰБТ пәндерінің теориялық сұрақтарынан тұрады .

Сұрақтарға қатысушы екі жолмен жауап берсе болады:

- Бірінші, викторина арқылы. Қатысушы таңдаған пәні бойынша 5 сұрақтан өз білімін шыңдай алады. Дұрыс жауабына балл жинап, жүйеде өз рейтингісін көтереді.

- Екінші, додаласу (жарысу) арқылы. Жүйе ойыншыға кездейсоқ немесе өзінің достарының тізімінен оппонент таңдап береді. Осылайша қарсыластар 5 раунд, 15 сұрақтан тұратын додаға түседі. Додада қызығы – қарсыластардың таңдау пәндері бойынша бірдей сұрақтарға жауап беру арқылы кім мықты екенін анықтау.

ДоДа викторинасы

ДоДа викторинасы

Тағы да ерекшеліктердің бірі – жүйе Telegram Bot арқылы жүзеге асырылған. Яғни, тіркелуді талап етпейді, тегін, 24/7 қолжетімді.

“ДоДа” викторинасын жасаған Жан Арманұлынан идея қайдан келгені туралы сұрадық.

“Үміткерлердің ҰБТ-ға дайындалуын ыңғайлы және қолжетімді ете аламыз деген ой бұрыннан бар еді. Бір күні Оразхан Рахымбердиев ағай тестке дайындықты викторина, жарыс ретінде жасасақ қалай болады деп ұсынды. Көп созбай, жүйені жасаудың IT шешімдерін қарастырдық. Көп шешімнің ішінен жоғарыда айтылған ерекшеліктеріне байланысты Telegram мүмкіндігін пайдалануды жөн көрдік. Сонымен идея авторы – Оразхан ағай, DoDa атауын ойлап тапқан – Абдуғани Сафи”,-деп айтты.

Жоба қазір тек қазақ тілінде және ҰБТ-ға бағытталған. Сондықтан қолданушылардың басым көпшілігі –  10-11-сынып оқушылары. Ал жалпы викторинаны білімін жетілдіргісі келетін кез келген адам қолданса болады.

Викторина құрастырушы Жан болашақта білім беруге негізделген IT сферасында жұмыс істегісі келеді. Білім беру саласындағы маман ретінде Қазақстанда білім беру технологиялары мен оқыту әдістерін жетілдіруге үлес қоссам дейді.

“Менің мақсатым – болашақта жалпы білім беру саласындағы прогреске ықпал етуге көмектесетін жобаларды жасау. Менің тәжірибем елімізге жаңа технологияларды тиімді енгізуге және елдегі білім деңгейін арттыруға көмектесетініне сенімдімін. Болашақта мен білім беру саласымен байланысты инновациялық IT-жобалар, стартаптарды, білім беру ресурстарының қолжетімділігін жақсартуға бағытталған платформаларды жүзеге асырғым келеді”,-деп айтты.

Жан 2001 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Тұздыбастау ауылында өткен. Бала кезінен компьютерге қызығады. Сол қызығушылығы қазір өмірінің бір бөлшегіне айналған. Бесағаш ауылындағы №29 орта мектепті "Алтын белгіге" бітірген. 2018 жылы Қазақ Ұлттық Университетінің “Ақпараттық технологиялар” факультетіне түсіп, 2022 жылы оқуды сәтті аяқтаған. Қазір осы университеттің магистратурасында білімін жалғастырып жатыр. Ол өзінің еңбек жолы жайлы:

“Менің кәсіби дамуым 2019 жылы Bugin Soft компаниясында стажировкадан басталды, мұндағы даму әлемінен өзімді таптым. Содан бері мен Bugin Holding- те жұмыс істеймін және әртүрлі жобаларға белсенді қатысамын. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Daryn.online сынды холдингтің ішкі жобаларымен бірге, DoDa жобасымен айналысамын.

Менің мақсатым – ақпараттық технологиялар саласында өсіп,  дами беру”,-деп айтты.

Біліміңізді сынау үшін викторинаға қатысам десеңіз, мына сілтемені басыңыз.