Bugin
Фото: Ресей СІМ баспасөз қызметінің суреті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ауа райына байланысты өңір тұрғындарына бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ол аймақтағы ауа-райының қолайсыздығы, қалың қар мен боран өршіп тұрғанын хабарлады. ШҚО әкімінің айтуынша, соңғы күндері облыста екі айға жуық қар жауған. Кей жерлерде қардың биіктігі метрден жоғары болған. ШҚО-да Республикалық маңызы бар алты жол және облыстық маңызы бар сегіз жол жабылды.
"Барлық коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды. 400-ге жуық техника жұмылдырылды, ТЖМ жедел желісі ашылды. Еріктілер жеке сектордағы қарды тазартуға көмектеседі. Мен барлық қызметтерге және жағдайға бей-жәй қарамай көмекке ұмтылған азаматтарға тәулік бойы жұмыс істегені үшін алғыс айтамын", - дейді облыс әкімі.
Ермек Көшербаев қала мен аудан әкімдеріне төтенше жағдай туындаған жағдайда шұғыл әрекет ету жөнінде тапсырма берген. Бүгін түнде қар жауғаннан кейін температура минус 35 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екені де айтылды.
"Мен облыстың барлық тұрғындарына қауіпсіздік шараларын назардан тыс қалдырмауға шақырамын. Шұғыл қажеттілік болмаса елді мекеннен кетпеңіз. Жағдай менің жеке бақылауымда", - деп толықтырды облыс әкімі.