ДАМУ
Фото: Мырзабек Қуатбайдың жеке мұрағатынан
18 жастағы мобилограф маман Мырзабек Қуатбай Қазақстандағы "Ең үздік 20 мобилограф" қатарына еніп, әйгілі New York Film Academy-ға жолдама ұтып алды. Bugin.kz тілшісі Америкаға барып, білімін жетілдіріп келген Мырзабекпен сұхбаттасты.
Жас маманның айтуынша, студент мобилография арқылы 5 елге саяхаттап, шекара асқан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 2-курс оқитын Мырзабек бүгінде мобилографиядан бөлек, Daryn.online компаниясының Daryn Marketing бөлімінде project manager болып жұмыс істейді.
- Мобилография саласына қай уақыттан бері қызығушылық таныттыңыз? Қанша жылдық тәжірибеңіз бар?
- Мобилограф болып жұмыс істеп келе жатқаныма 2,5 жылдан аса уақыт болды. Мен мектеп жасынан бастап видео түсіруді үйрендім. Себебі өзім 10-11-сынып оқып жүрген кезімнен бастап IT компанияда жұмыс істеп жүрдім. Әртүрлі саланы меңгердім. Кейін осы арқылы медиа саласына деген алғашқы қадамдарымды жасадым. Сонымен қатар қазақстандық, шетелдік курстарды оқып, тәмамдадым. Мықты компаниялармен, түрлі блогерлермен жұмыс істеу арқылы кейс жинадым. Өзім 1200-ден аса роликтің авторымын.
- Бұл салада жеткен ең үлкен жетістігіңіз қандай деп бағалайсыз?
- Ең үлкен жетістігім деп, әйгілі "91" тобының концертінде жеке, басты мобилографы болғанымды айтар едім. Одан бөлек, IT саласында 10 жылдық тәжірибесі бар Bugin.holding компаниясында мобилограф болып жұмыс істедім. Ал ең үлкен жетістігім – 2023 жылы түсірген екі қысқа метражды фильмім. Сол арқылы мен Америкада білімімді шыңдап келдім.
- Өзіңізді жан-жақты дамытып жүр екенсіз. Шетелде, әсіресе, ең беделді New York Film Academy-да біліміңізді жетілдіру қиын болмады ма? Бұл жақтағы оқу құны қанша болды?
- Бізде New York Film Academy-да білім алу 21 қаңтар мен 1 ақпан арасында болды. Он күн ішінде тек режиссур ретінде емес, оператор болып, сценарий жазып, актер да болдық. Бізді шығармашылық тұрғыда жан-жақты дамытты. Академияда оқу мен үшін аса қатты қиын бола қойған жоқ. Себебі менің ағылшын тіліндегі деңгейім орташа болды. Ұстаздарымыздың айтқанын, берген білімін орташа деңгейде түсініп отырдым. Ал оқу құны біздің қазақтар үшін өте қымбат. Дегенмен біз "Дара қор" ұйымдастырған байқауда "үздік" атанып, әйгілі академияда тегін білім алдық.
- Қазақстандағы мұғалімдер мен шетелдегі сіз тәлім алған мұғалімдерді салыстырсақ? Басты айырмашылық неде?
- New York Film Academy-да оқып жүргенде ұстаздар өте қарапайым болды. Түсінбей жатсаң, ұрыспайды, үстіңнен күліп қарамайды. Үйреніп кеткеніңше жаныңда отырып үйретеді. Соның арқасында бізде де білім алуға деген шабыт одан сайын ашыла түсті. Біз өзге елде, өзге материкте болған соң, ол жақтағы ұстаздардың оқушыға деген көзқарасын жоғары деңгейде деп бағаладық. Өйткені бізге сабақ берген бір мұғалім болды. Өзі 1000-нан аса рекламалық ролик, фильмдердің басы-қасында болған, тәжірибесі өте көп екен. Бірақ, бізге ол туралы мүлдем айтпаған. Кейін интернеттен іздеп білгенде оның Америкаға танымал тұлға екенін білдік.
- Енді бірге барған қазақстандық әріптестеріңіз жөнінде айтып өтсеңіз.
- Былтыр Қазақстанда мобилография сайысында 7500 қатысушының ішінен 20 қазақ осы жолдаманы ұтып алған едік. Визаны да екі этаппен алдық. Рұқсат берілуін біраз күттік. Америкада біз қазақи стильді көрсеттік: 20 қазақ тату-тәтті, көңілді, позитивті болдық. Біз барғанда америкалықтардың жүзінен күлкі кетпеді. Енді өздері де оптимист адамдар болатын. Біз барған соң олар одан сайын бізге сабақ бергенде керемет көңіл күйде болды. Солай жүргенде біз жақсы оқып, жаңа орта тауып, нетворкингті дамыттық.
- Америкаға барған біздің студенттерге не нәрсе қиынға түсті?
- Америкаға барғанда жеңімпаздардың көпшілігі тіл білмейтін болып шықты. Сол үшін арнайы аудармашымен, телефондағы құралмен жүрді. Менің байқағаным, ағылшын тілін білу – қажеттілік екен. Екінші, бізбен салыстырғанда, тамақ өте қымбат болды. Көпшілігі тез дайындалатын тағам, яғни фаст-фуд екен. Қазақтың еті, сорпасы деген болмады. Біз күнде бургер, чикен жеуге мәжбүр болдық. Үшінші, транспорт мәселесі болды. Байқауымызша, автобус көп жүрмейді екен. Ал такси құны қымбат болды.
- Академияда білім алып жүргенде, қызық әрі терең мағыналы фильм түсірген екенсіз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз.
- Біз ол жақта бір апталық білім алдық. Алғашқы үш күн бізде теория болды, төртінші күні фильм түсірдік, бесінші күні монтаж сабағы болды. 6-күні диплом табыстау болды. Оған дейін сценарий жазып, өзіміз қорғап, кейін үлкен түсірілім алаңында өз туындымызды түсірдік. 20 қазақ қоржынында – 20 фильм. Бір-бірімізге актер, режиссер, оператор болдық. Ол жердегі тәжірибе бізге өте көп пайдасын тигізді. Танымал, мықты режиссерлер бізге жол сілтеді. Менің фильмім "Достық" деп аталды. Ол фильм арқылы достықтың ақшаға сатып алынбайтынын түсіндіргім келді. Туындым арқылы бұл тақырып біздің қоғамдағы басты мәселенің бірі екеніне назар аудартуды көздедім.
- Өзіңіздің қатарластарыңызға, аға-әпке, іні-қарындасқа айтар кеңесіңіз?
- Ең бірінші айтарым, қандай мүмкіндік болса да, шетелге шық. Өзге елде болу арқылы мәдениет пен қоғамды, тарихты, адамдарды тани бастайсың. Екіншіден, ағылшын тілін білу маңызды. Мен де оны Америкаға барғанда түсіндім. Коннект, байланыс мүмкіндіктерге жол ашады. Тілді білу арқылы өзіңе қажет ақпаратты ала бастайсың. Үшінші кеңес – ақшаңды дұрыс жұмсау. Қазір көп адамда қаржы сауаты төмен. Тапқан ақшаны материалдық заттарға жұмсағанға қарағанда, шетелге шығып, саяхаттаған маңызды екен. Мен соны түсіндім.