ДЕНСАУЛЫҚ
Фото: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Отбасын құру – үлкен жауапкершілік. Бұл қадамға бармас бұрын екі тарап алдын ала дайындалғаны жөн. Мәселен, балалы болуды жоспарларлар алдында жігіт пен қыз денсаулығын тексерткені абзал. Bugin.kz тілшісі “Тұрмысқа шығатын қыз жоспарлауға қалай дайындалу керек” деген сұрақ төңірегінде 5 жылдық тәжірибесі бар акушер-гинеколог, узист маманы, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің үздік түлегі Абжетова Зәмзәгүл Айболатқызымен арнайы сұхбаттасты.
- Отбасын құрмас бұрын қыз бала қалай дайындық жасағаны дұрыс, қандай анализдер тапсырады?
- Жүктілікті жоспарлау – (прегравидарлық дайындық) екі жанға бірдей жүктелген өте маңызды процесс. Бала жоспарлауды сауатты жүргізсе, жүктілік кезінде пайда болатын аурулар мен өзге де қиындықтардың алдын алады.
Ең бірінші этап – гинеколог дәрігерге қаралу. Дәрігер әйел адамның репродуктивті функциясын бағалайды. Содан кейін кіші жамбас қуысына УДЗ жасау қажет. Негізгі анализдер: жалпы қан анализі, ферритин, жалпы зәр анализі, биохимиялық қан анализі. Бұл анализдер әйел ағзасының қазіргі жағдайын, қабыну процесстері мен қаназдық ауруының (анемия) бар-жоғын анықтауға арналған.
Д дәрумені – әйелдің репродуктивті жүйесін ретке келтіріп, аналық без сапасын жоғарлататын маңызды элемент. Оның төмен не жоғары болуы гормональды фонға әсер етеді. Мәселен, Алматы таулы аймақта орналасқандықтан, адамдарда Д дәруменінің тапшылығы көп кездеседі. Алайда анализдерсіз препаратты қабылдауға болмайды. Өйткені әркім индивидуальды мөлшерде қабылдауы кажет.
Жыныс жолдарымен таралатын инфекцияға анализ тапсыру (мазок немесе ИФА). Инфекция болған жағдайда жатыр түтігі жабылып, аналық бездері немесе жатырдың ішкі қабаты қабынуы мүмкін. Сәби көтеремін деген жоспарыңызға мұның кесірі тиеді. Сол үшін дер кезінде инфекцияны анықтап, бар болған жағдайда емделу керек.
Әйел гормондары: АМГ, эстрадиол, тестостерон, пролактин+ макропролактин, прогестерон, ЛГ, ФСГ.
Қалқанша безі гормондары: ТТГ, Т3-Т4, Анти Тпо. Гормондарды қалыпқа келтірсе, жүктілік кезінде болатын түсік тастау, баланың даму ақаулары сияқты асқынулардан сақтана алады.
- Босанғаннан кейінгі әйел адамның гинекологқа тексерілуі қандай этаптардан тұрады?
- Жүктілік кезінде әйел адамның гормоналды фоны, дене салмағы өзгеріске ұшырайды. Бұл кезең аяқталысымен, организм қалыпқа келуге тырысады. Әйел адам босана салысымен және 40 күннен кейін гинекологқа тексерілуі керек. Бірінші, сыртқы жыныс мүшелеріне көңіл аударылады. Босанғаннан кейінгі жыртылу, іріңді-бактериальды қабыну немесе жамбас мүшелерінің пролапсы (төмен түсуі) бар-жоғы анықталады.
Келесі, жамбас қуысының УДЗ-сы және қынап микрофлорасын мазок арқылы тексеру қажет. Гормондарға, соның ішінде ең маңыздысы, қалқанша безі гормондары және инсулинге тапсыру қажет. Өйткені гестациондық гипертиреоз және қант диабеті қазіргі кезде жиі кездесіп жүр.
- Инфекция жұқса, үй жағдайында емделуге бола ма?
- Иә, болады. Алдымен ер мен әйел жыныс жолдарымен жұғатын инфекцияларға анализ тапсырып, дәрігерден бірге ем алу қажет. Себебі бұл инфекцияның 12 түрі бар. Әрқайсысының әртүрлі клиникасы мен емі болады.
- Әйел адам бала көтерген соң денсаулығыда көптеген мәселе пайда бола бастайды. Соның ішінде ең негізгі деп қайсыларына көңіл бөлген жөн?
- Жүктілік кезінде әйел адам көптеген физиологиялық өзгеріске ұшырайды. Жүрегі айнып, күніне 1-2 рет құсады. Іштің қатады немесе өтеді, кіші дәретке жиі барады. Көңілшек болып, шаршап, ұйқысы келе береді. Мұны бәрі – жүктіліктің бастапқы кезеңіндегі қалыпты жағдайлар. Алайда күніне 5 реттен аса кұсу, жатырдан қанды бөліністердің немесе артериалды қысымның қалыптан жоғары болуы – қауіпті белгілер. Бұл жағдайда дереу гинеколог дәрігерге қаралу қажет.
- Токсикоздың қандай да бір психосоматикасы бар ма? Әлде бұл тікелей өтке қатысты бола ма?
- Токсикоздың пайда болуының бірнеше теориясы бар. Мысалы, баладан бөлінетін ХГЧ гормонының әйел жүйке жүйесін тоздырғанынан немесе өт жолдарының созылмалы ауруларынан пайда болуы мүмкін.
Токсикоз – әйел ағзасының жаңа өзгерістен, яғни баладан қорғану реакциясы. Әрине, адам физиологиясы мен психологиясы бір-бірімен байланысты. Әрбір аурудың өзіндік психосоматикасы бар. Токсикоз өмірдегі бір ұнамсыз жайттарға жиіркенуден болады деген теория да бар. Алайда бұған нақты дәлел жоқ. Статистика бойынша пренатальды депрессия (жүктілік кезіндегі) ауыр токсикозы бар әйелдерде жиі кездеседі. Жүйке жүйесі тозып, өт жолдарының қызметін тежейді, осылай токсикоз белгілері пайда бола бастайды. Сол себепті күрделі токсикозды әйелді гинеколог, гастрэнтеролог және психолог комплексті түрде емдеу қажет.
- Әйел адамның интимді гигиенасы туралы айта өтсеңіз.
- Жыныс мүшесін күніне кем дегенде 2 рет жылы сумен жуу керек. Сабын, гель қолданудың қажеті жоқ. Сау жыныс мүшесіне арнайы май жақпайды. Күнделікті төсемелерді үнемі киюге болмайды. Өйткені бұл төсемелердің кесірінен қынаптың микрофлорасы өзгеріп, қабынып, кольпит пайда болуы мүмкін. Содан түрлі бөліністер (выделение) шығады. Ал етеккір кезінде төсеме немесе томпондарды әрбір 4-5 сағат сайын ауыстыру қажет. Түктерді тазартқанда (шугаринг, воск, қырыну, лазер) бөртпелер (остиофолликулит) пайда болса, дерматолог дәрігерге қаралу керек.
- Денсаулықты сақтау және дені сау ұрпақ сүю үшін қыз-келіншектерге қандай кеңес айтасыз?
- Дені сау анадан денсаулығы мықты ұрпақ туады. Денсаулық – аманат. Кейбір аурулар жасырын күйде дамиды. Сол себепті әрбір қыз-келіншек гинекологқа, кем дегенде, жылына бір рет тексерілуі қажет. Жүктілікке, кем дегенде, 3 ай бұрын дайындалғаны дұрыс. Гинекологқа баруға қысылмаңыздар. Сіздерге көмектесу – біздің қызметіміз. Дәрігерге барғанда интимді сұрақтарға шынайы, ашық жауап беріңіздер. Әрбір ақпараттың біз үшін әрі сіздер үшін маңызы зор.