Bugin

“Қолымда барлық дерек бар”: журналист шетелдегі қазақ балаларына қатысты тың ақпаратты айтты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: Instagram @janar_baisemiz

Белгілі журналист Жанар Байсеміз шетелдегі қазақ балаларының өмірі туралы тарқатып айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Nege.kz сайтына сілтеме жасап. 

Журналист өзі тізгіндеген бағдарлама арқылы қанша баланың биологиялық анасын тапқанын айтты. 

"Шынымды айтсам, қанша бала анасын тапқанын есептеп, жазып көрмеппін. Өзім де бір күні отырып, бәрін санаймын-ау деймін. Бірақ табылғандарды өздерінің рұқсатымен ғана жариялаймын. Екі күннің айналасында үш бала анасын тапты. Біреуімен бейнеқоңырау арқылы сөйлестірдік. Оның өз оқиғасы, тағдыры бар",- деді Жанар Байсеміз.

Журналист балалардың атын жарияға жар салып, атақ жинап жүрген адамдарға шүйлікті. Сонвмен қатар әлі күнге дейін шетелден қазақ балалары хабарласып, ата-анасын тауып беруді сұрайтынын жеткізді.

"Журналист ретінде осыны айтсам, шығарсам деген ашкөздік болады ғой. Бірақ бұл жағдайда адамдық позицияны таңдау керек деп ойлаймын. Яғни, біздің жұмыс тобы үнсіз тауып беріп, байланыстырады. Балаға анасының, туыстарының суретін жіберіп, қандай оқиға болғанын айтып беремін, түсіндіремін. Егер өздері жеке сөйлескісі келсе, бір-біріне телефон нөмірін береміз. Әрі қарай өздері шешеді. Егер хайп қуып, туған анасының суретін жариялап, баласымен арадағы әңгімені әлеуметтік желіге салып жіберем десем, қолымда ақпараттың бәрі тұр. Тіпті, дыбыстық сөздері де бар. Бірақ олай істей алмаймын. Тек өздері рұқсат берген дүниені ғана жариялаймын. «Қазір мына баланың анасын іздеп жатырмыз. Мына жерден мынандай кісі шықты. Ол былай деді...» деп дабыра қылуыма болатын еді. Бірақ не үшін керек? Сенсация, эксклюзив, айқайлататын дүние керек болса, бәрі де «Шетелдегі қазақ балалары» жобасының ішінде бар. Егер жұрт көретін болса, халықаралық бала асырап алу процесіндегі былықтар мен заңсыздықтар 2009 жылдан бері осы бағдарламада айтылып жатыр",- деді журналист.