Bugin
Фото: әлеуметтік желіден
Ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлы Әлиханның қазасына байланысты тергеу поцестерінің аяқталғаны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
2023 жылы 2 қаңтарда Әлихан Серікзатұлының қазасынан кейін басталған тергеу жұмыстарын Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасының тергеушілері 2023 жылғы қазанда аяқтаған болатын. Ақын бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында пост жазды.
"Қазір бұл іс бойынша сот процесі жүріп жатыр. Психологиялық тұрғыдан ауыр болса да мен бұл іске жәбірленуші ретінде қатысып жатырмын. Қаңтар айының 22 күні басталған соттың тергеп-тексеру сатысында кінәлі тарап өздерінің жазасыз қалатындарына сенімді екенін білдірді. Екі адвокат жалдап, өздерінің еш кінәсіз екенін дәлелдегісі келетін тараптың сот процесі кезінде берген оспадар жауаптары мені толғандырып отыр. Сот бұл қылмыстық іс бойынша өз шешімін шығара жатар. Бірақ мен жәбірленуші ретінде қоғамның назарын аударатын бірқатар жайттарды сіздермен бөліскім келеді", деді ол жазбасында.
Ақын сондай-ақ, бірқатар деректермен жазбаша түрде бөлісті.
"Көпшілікке тау шаңғысы курортының қызметтерін ұсынатын "Elikti Park" ЖШС-ның қазіргі басшысы С. деген азамат (көкшетаулықтардың айтуынша және ашық интернет желісіндегі ақпараттар бойынша, "Elikti Park" ЖШС-ның 2020 жылдан бергі иесі және басшысы осы адам деп тұр. Бірақ "Elikti Park" ЖШС құжаттары бойынша басқа адам күдікті саналып отыр. С.-ны күдікті ретінде тарту туралы талабымызды сот қанағаттандырған жоқ) сотқа куәгер ретінде шақырылған. Осы С. деген азамат дәл қазір өзі басқаратын "Elikti Park" ЖШС-ның қауіпсіздік ережелерінің талаптарына сай келмейтінін мойындамай, еліміздегі тау шаңғы базаларында апта сайын адамдардың әртүрлі деңгейде жарақат алатынын мысалға келтіріп, ол Қазақстан Республикасының аумағында қалыпты жағдай екендігін сотта берген жауабында айтты. Және мұны кәдімгі норма ретінде қабылдау қажет деп санайды екен. Сонда ҚР Конституциясында жазылған еліміздің басты байлығы адам деген бапты қайда қоямыз? Адам өміріне қауіпсіз, Әділетті Қазақстан құрамыз деген жоспарымыз қайда?", – дейді ол.
Аталған серіктестік адам өмірінің қауіпсіздігіне жауап бермейді-мыс.
"Оның айтуынша, "Elikti Park" ЖШС тек шаңғы мен шаңғы тебуге қажетті құралдарды ғана береді. Қалған қауіпсіздігіңнің барлығына өзі жауаптысың. Егер құлап мертігіп қалсаң алғашқы медициналық көмек көрсету де олардың міндетіне кірмейді екен Шаңғы үйрететін инструкторларының да, басқа қызметкерлерінің де мұндай қауіпті қызметпен айналысуға лицензиялары мен оқыған дипломдары жоқ", – деп жазды ол.