Weekend
Әсерлі кеш
ШҚО Семей қаласы, Ертіс ауылдық округі, Мұқыр ауылында мәдениет саласында еңбек етіп жүрген Асхан Хадырбектің 2019 жылы Елбасымыз жариялаған «Жастар жылы» аясында «Жақсымен жаным дос» атты шығармашылық ән кеші өтті.
Хадырбек бұл шараны ауыл жастарын тәрбиеге шақыруға және өз дәстүрін құрметтеп, оны терең түсіне білуі үшін арнап, ұйымдастырып отыр. Ауылдың енкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін кешке келіп, Хадырбекке құрмет көрсетті. Бұған дейін ағамыз Прииртыш, Шақаман және Бөкенші ауылдарына барып, тамаша дауысымен халықтың ілтипатына ие бола білді. Кешке Семей қаласынан ақындар мен «Алтын би» атты топты бастаған қыздар келіп, өнерлерін көрсетті. Ақындар тамаша айтыс ұйымдастырса, қара көз қарындастарымыз дәстүрлі биімен көрерменнің жүрегінен орын таба білді. Ағамыздың халқына деген махаббаты, еліне деген адалдығы осы кештен көрініс тапқандай болды. Жаны адалдықты сүйетін ол, Елбасымыз айтқандай «Өмір сүре білу үшін – өзгере білу керек» деген ұстанымды ұстанып, халықтың адалдық жолында болуын қалайды. Ауылдың жағдайы түзу бағытта өзгеруі үшін еңбек етеді. Қазақтың дәстүрі мен мәдениетін сыйлайтын Хадырбектің ауылына сіңірген еңбегі осы кешпен ғана шектелмейді. Ағамыздың республикалық, облыстық, қалалық байқаулардан алған жүлделі орындары да бар. Сонымен бірге, жастарға қазақтың мәдениетін таныстырып, әртүрлі шаралар ұйымдастырып, дұрыс бағытқа жетелеп келеді.
Округте мәдениет саласында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан клуб директоры Қайрамбаев Аманжол Мәкенұлы Хадырбектің өнеріне разы болып, ыстық ілтипатын білдірді. Ағамыз қайтпас қайсар жігері мен тамаша өнерімен кейінгі ұрпаққа үлгі болары анық.
Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп Абай атамыз айтқандай ағамыздың бұлбұлша сайраған әндерінен ойым тазарып, өзімді бір рухани жаңғырып қалғандай сезіндім. Бұл кісімен бір мекеме астында жұмыс істеп, бірлік бар жерде тірлік бар демекші, бір істің жүгін бірге тартып, бір істің дәмін бірге татып жүргеніме қуаныштымын.
Әрбір істе оны қолдап, демеу болып жүрген округ әкімі Сейтхасимов Хасен Бекенұлы кештің соңына қарай Хадырбекті шығармашылық ән кешімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Хадырбек ағамның ауылдың тынысы болып, халықтың жүрегінен орын тауып, әлі де талай өмірдің белестерін бағындыра алатынына нық сенімдемін!