Weekend

Әнші Гаухар Әлімбекова сотта ақталып шықты

Оған алаяқтық ісі бойынша кінә тағылған еді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алаяқтық ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылған әнші Гауһар Әлімбекова ақталып шықты.

Әншінің ісіне қатысты бүгінгі апелляциялық сотта судья ақтау туралы шешім шығарды.

"Әлімбекованың айыбы дәлелденбеді, оның алты жылға берілген шешімі өзгертілсін. Ақталсын", - деп оқыды үкімді қалалық сот төрағасы Нұрғазы Әбдіханов.

Ал істің тағы бір фигуранты Феруза Ордабаеваны сот 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Алайда рақымшылық заңына байланысты оның жаза мерзімі екі есеге қысқарды. 

Бұған дейін осы істің басты фигуранты Феруза Ордабаева өз кінәсін мойындап, Әлімбекованың қылмысқа қатысы жоқ екенін айтқан болатын. Ал Әлімбекова өзіне жала жабылғанын мәлім еткен.

Еске салайық, елімізге танымал әндердің авторы, әнші Гауһар Әлімбекова 30 қаңтарда алаяқтық үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Көп ұзамай, әнші сот шешімі күшіне енгенше қолхатпен босатылған. Кейінірек әншінің адвокаты Жұмағали Зинелов істің мән-жайын айтып берген еді. Адвокат сот үкімімен келіспейтінін және таяу арада апелляциялық сотқа арыз түсіретінін мәлімдеген. Айта кетейік, әншінің "Ақ келін", "Көктемге хат", "Жас келін", "Қыз сезімі", "Оралшы махаббат", "Ақмаралым" әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, танымал болған. Оның әніне жазылған өлеңдерді танымал эстрада жұлдыздары орындаған.

tengrinews.kz