Bugin

Енді ажырасқан әйелдерге әлеуметтік желіде пікір білдіруге тыйым салынуы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: epositphotos.com

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы Ақыбек Жапаров қырғыз халқының дәстүріне жат ақпаратты шектеу керек деп мәлімдеді.Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

Жапаров Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігінің отырысында:

"Ақпарат тұрғысынан қарасақ, мониторинг тобы, [министрлер кабинеті төрағасының орынбасары] Еділ Жолдыбайұлы, бұл мәселені бүгін шешуіміз керек. Бұдан былай біздің дәстүрімізге қайшы ақпаратты шектеу қажет",-деді.

Бұған қоса ол әлеуметтік желіде "дәстүрлі құндылықтарды сақтамайтын, күйеуімен ажырасып, жаман үлгі көрсететін" әйелдер туралы да айтты.

Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы:

"Ата-енесін сыйламайтын келіндер күйеуінің үйінде міндетін орындап, жақсы әйел болудың орнына әлеуметтік желіге шығады, ажырасады. Бұларды үлгі ретінде қарамауымыз керек. Мұны желіге шығарғанының өзі ұят. Аталар, біздің әкелеріміз келіндер орамалын шешпесін деп шолақ шалбар кимеген. Мұның барлығын дұрыс бағытқа түсіруіміз қажет, мәдениет министрлігі, сіздер бақылауға тиіссіздер",-деді.

Қырғызстан билігі әлеуметтік желіге бақылау орнату туралы бұрыннан айтып келеді. Бұдан бұрын мәдениет министрлігі әлеуметтік желіні бақылау орталығын аштынын айтқан. Министрлік елдің ақпарат саласындағы заңдары бұзылмауы үшін МЕТА корпорациясымен (Facebook, WhatsApp), Google және TikTok-пен келісім-шарт жасаспақ.

Бұған қоса, президент әкімшілігі әзірлеген "БАҚ туралы" заң жобасында Қырғызстан аумағындағы блогерді тіркеуге алып, бақылау туралы айтылған.

Елдің құқық қорғау органдары қазірдің өзінде әлеуметтік желіге бақылау жүргізіп, азаматтарды түрлі баптармен, соның ішінде көбіне алауыздық қоздырды деген себеппен қамап жатады.