БІЛІМ
Фотоколлаж: Bugin.kz / Айгерім Әділханова
Білім - адамды тұлға ретінде қалыптастырып, дамытатын құрал. Ал мектеп кезінде берілетін білімді толықтай бойға сіңіру - аса маңызды процесс. Математика - оқушылардың жартысы жақсы көрсе, жартысы ұнатпайтын күрделі пән. Bugin.kz тілшісі балаңыздың зейінін ашып, математиканы оңай түсінуге көмектесетін бағдарламалар туралы “iDaryn” онлайн платформасының негізін қалаушы Ерғали Ақтілек мырзамен тілдесті.
"iDaryn" онлайн платформасының құрылу тарихы қандай және бұл бағдарламаны жасауға не себеп болды?
"Біз 2019 жылы “Daryn.online” жобасын бастағанда тек жаратылыстану бағытындағы пәндерді ғана қамтығанбыз. 2020 жылы карантин режимі жарияланып, барлық пәнді жобаға енгіздік. Кейіннен ҰБТ-ға дайындық курстарын жасадық. 2020-2022 жылдары 20 мыңға жуық оқушыны ҰБТ-ға дайындадық. Шәкірттерді дайындау кезінде көбісінің жаратылыстану бағытындағы пәндерден ақсайтынын байқадық", дейді Ақтілек Мырза.
Жоба жетекшісінің айтуынша, математика пәні - жаратылыстану пәндерінің негізі. Яғни, физика, химия, биология, география, информатика пәндерін үйрену үшін бірінші математиканы білу керек. Онсыз үйрену мүмкін емес.
"Осылайша, 2022 жылдың мамыр айында математиканы кез келген адамға оңай, тез, қызықты түсіндіретін жоба жасауға кірістік", деп жобаның тарихы туралы қысқаша пікір білдірді.
Математиканы балаларға, әсіресе 5-6 сынып оқушыларына үйретерде нені ескеру қажет?
"5-8 жас аралығында баланың шығармашылық дағдысы дамуға қолайлы жас болса, 8-13 жас аралығы сыни ойлау дағдысын дамытуға қолайлы жас деп саналады. Себебі 5-8 жаста бала қиялға ерік берсе, 8-13 жас аралығында шынайы өмірге қатысты танымдық және аналитикалық сұрақтары көп болады. 5-6 сынып оқушылары жасы 10-12 аралығындағы балалар. Осы кезеңде балаға математиканы үйрету арқылы сыни ойлау жүйесін дамыту керек", дейді Ақтілек мырза.
Сол себепті “iDaryn” командасы математиканы барынша жеңіл, қызықты үйрету үшін платформа жасап шыққан.
iDaryn платформасының басқа онлайн бағдарламалардан айырмашылығы қандай?
Айырмашылығымыз:
"Біз барлық тапсырмаларды симулятор арқылы береміз, яғни 100-ге жуық әртүрлі типтегі 2000-нан астам тапсырмалар бар.
Тапсырма оқушының деңгейіне сайкес беріледі.
iDaryn мобильді қосымшасын қолдану өте оңай және 24/7 пайдалану мүмкіндігі бар.
Тағы бір артықшылығымыз - теорияны кейіпкерлермен, қызықты оқиғалар арқылы түсіндіреміз", деп платформаның ерекшеліктерін атап өтті.
Жобаның құрылтайшысы Ақтілек мырзаның айтуынша, математика абстрактілі пән болғандықтан оны бейнелеп көрсету өте қиын. Біздегі барлық тапсырмада және теорияда математикалық ұғымды бала көз алдына елестете алатындай түрде жасап шыққан. Бұл - жобаның негізгі ерекшелігі.
Оқушылардың математикаға қызығушылығын арттыру үшін қандай амал (лайфхактар) қолданасыздар?
"Қазіргі балалар телефоннан мультфильм көреді және түрлі ойын ойнағанды жақсы көреді. Біз осы нәрсені пайдалана отырып, теорияны комикстер арқылы кейіпкерлермен түсіндіруді жөн көрдік. Жобаны жасау барысында 10-12 жас аралығындағы балаларға теорияларды және тапсырмаларды беріп көрдік. Оларға бұл өте қызықты болды және бізге бірнеше жақсы ұсыныстар айтты. Біз геймификация элементтерін пайдалана отырып, өнімді үздіксіз дамыту арқылы балалардың қызығушылығын ұстап тұрамыз", дейді жоба құрылтайшысы.
"iDaryn" платформасына тіркелу үшін не істеу керек?
"iDaryn мобильді қосымшасын AppStore және PlayMarket-тен кез келген оқушы жүктей алады. Тіркелу өте қарапайым. Телефон нөмерін енгізеді және 4 саннан тұратын кодты енгізеді. Сонан соң аты-жөнін енгізеді. Осылай екі қадаммен тіркеліп, мобильді қосымшаны пайдалана алады".
Ата-аналарға және математика пәнінен қиналатын оқушыларға қандай кеңес бересіздер?
"Зейін қою, есте сақтау, шешім қабылдау, проблема шешу қабілеттерін бірдей дамытудың жалғыз жолы - математикадан көп есеп шығарту. Яғни, математикадан мықты есеп шығаратын оқушының барлық көрсеткіштері жоғары болады", деп пікірін білдірді.
Сондай-ақ, Ақтілек мырза жобаның жеке көрсеткіштерін мысалға келтірді.
"Ғылыми зерттелген методикаларды пайдаланып, 100-ге жуық оқушының орташа үлгерімін 80% жоғары деңгейге жеткіздік. Себебі оқушының есте сақтау, проблема шешу, зейін қою, шешім қабылдау қабілеттерін қалай дамыту керектігін жақсы білеміз", дейді жоба жетекшісі.
"iDaryn" платформасы тек елімізде ғана емес, әлемде де танылып келеді. Биыл 26-29 ақпан аралығында Қатарда өткен бүкіләлемдік "Web Summit Qatar 2024" самитінде "iDaryn" платформасы таныстырылды. Жоба менеджері Мейірхан мырза әлемдік деңгейдегі ірі технологиялық конференцияға Қазақстанның атынан барып, үздік платформаны таныстырған.