Bugin
Фото: Тengrinews.kz
Алматыда үш адамның өмірі қиылған автобус апатына қатысты сот басталды. Сұмдық жайыт былтыр желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған еді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қоғамдық көлікті тізгіндеген әйелді жолаушы азамат жұдырықтап, басқарусыз автобус аялдамада тұрған үш адамды басып өткен. Жүргізушіні соққыға жыққан 33 жастағы жігіт бірден қамауға алынып, бүгін сот алдында жауап бере бастады.
Ал марқұмдардың туыстары автобусты басқарған әйелдің де жәбірленуші ретінде танылуына көңілі толмай отыр.
Араға үш айға жуық уақыт салып, дүйім жұрттың жағасын ұстатақан автобус апаты бойынша сот басталды. Осы аралықта тергеу жүргізілген. Оның қорытындысына сәйкес, айыпталушы ретінде 33 жастағы Дархан Ахметжанов жауапқа тартылып жатыр. Тергеу абақтысынан сот залына жеткізілген ер адам камерадан бет-жүзін жасырып әуреге түспеді. Бұзақылық жасағанын бірден мойындап, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады.
“Кінәңізді мойындайсыз ба, ішінара мойындайсыз ба, толық мойындайсыз ба, жоқ мойындамайсыз ба?, деген сұраққа ол:
— Жоқ, ішінара мойындаймын. 293-бап бойынша өзімнің бұзақылығымды мойындаймын”,- деп жауап берді.
Жантүршігерлік жол апаты желтоқсан айында Райымбек даңғылының бойында болған еді. №47 бағыттағы қоғамдық көлік жолдың жиегіндегі бір топ адамды қағып өтіп, соның салдарынан үш адам көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың ішінде жүргізуші әйел де бар. Бүгінгі сотта ол жәбірленуші ретінде танылып, оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Сондай-ақ жылдамдықты асырмағанын айтып отыр.
Автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева:
“Мен айта алмаймын, жылдамдық болды деп, тіпті 20-ға да шықпайды-ау деймін. Менің ойымша, аяғым газды басып кеткен сияқты. Өйткені автобустың жылдам жүріп кеткенін көрдім. Мен ондай жылдамдықпен жүргізген емеспін”,-деді.
Дегенмен жантүршігерлік апаттан қаза болған Айдос Әлменбаевтың жары жүргізушіге қатысты өз уәжін айтты. Үш баласымен жалғыз қалған ана оның жауапқа тартылуын сұрайды.
Жәбірленуші Айнұр Құсайынова: “Неменесіне 10-мен жүрдім дейсіз? Мен де көлік айдаймын. 10 деген жылдамдық жоқ. Ең аз дегенде, 70 пе, 80 бе, сондай жылдамдықпен барып соғып отырсыз. Аман қалдым деп отырсыз, біздің күйеуіміз ше, ата-анамыз ше, аман қалмады”,-деді.
Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаеваның артында төрт баласы қалған. Екеуі кәмелетке толмаған.