Bugin
Фото: Markus Mainka / picture alliance / Global Look Press
Түнгі рейсте индонезиялық ұшақтың ұшқыштары жарты сағаттай қалғып кеткен. Бұл туралы Bugin. kz тілшісі KNKT сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұшақ бағытынан ауытқып үлгерген.
Индонезияның Ұлттық көлік қауіпсіздігі комитеті (KNKT) жариялаған есеп бойынша, Индонезияның Batik Air әуе компаниясының екі ұшқышы ішкі рейс кезінде 28 минут ұйықтап қалған.
Оқиға Airbus A320 ұшағының бортында қаңтар айында Кендариден ел астанасы Джакартаға ұшып бара жатқанда болған. Ұшақта 153 жолаушы болған және ол 11 км биіктікте ұшқан.
Әуе кемесінің 32 жастағы капитаны екінші ұшқыштың келісімін алып, ұшқаннан кейін бір жарым сағаттан соң ұйықтап қалған. 45 минуттан кейін капитан оянып, 28 жастағы екінші ұшқышқа демалуды ұсынған. Бірақ ол бас тартады. Содан кейін капитан қайтадан ұйықтап қалған. Келесі 20 минут ішінде екінші ұшқыш диспетчерлермен байланысып, стюардессалармен сөйлескен. Көп ұзамай өзі ұйықтап қалады. Осы уақытта жерүсті қызметтері олармен байланысуға тырысып, әлек болпды. Екі ұшқыштан да жауап болмайды. Екінші ұшқыштың соңғы жазылған сөздерінен кейін 28 минуттан кейін капитан оянып, ұшақтың бағытынан шығып кеткенін және серіктесінің ұйықтап жатқанын көреді. Ол диспетчерлерге “радиобайланыстың ақаулары” бар екенін хабарлайды. Содан кейін ұшақ Джакартаға еш қиындықсыз қондырылады.
KNKT хабарлауынша, екінші ұшқыш рейс алдындағы түнде әйеліне үйде екі айлық егіздерін бағуға көмектескендіктен жеткілікті демалмаған.
Batik Air ұшу қауіпсіздігін арттыру бойынша барлық ұсыныстарды орындауға уәде берді. Ұшқыштар ұшудан уақытша шеттетілді.
Индонезияның көлік министрлігі оқиғаға байланысты Batik Air компаниясына “қатаң сөгіс жариялады” деді министр Кристи Энда Мурни. Ол авиакомпанияларды қызметкерлерінің қаншалықты демалатынына көбірек көңіл бөлуге шақырды және түнгі рейстерді тексеруге уәде берді.