Bugin

Тоқаев пен Әлиев Шуша қаласына барды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: akorda.kz

Әзірбайжанда бас қосқан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Таулы Қарабақ маңындағы Шуша қаласына барды, деп хабарлайды Bugin.kz.

Екі ел президенттері Қарабақ тау жотасының баурайында орналасқан қаланың бас жоспарымен танысты. Содан кейін олар аймақтың көрнекті жерлерін, оның ішінде орталық алаңды, "Саатлы" мешітін, тау қыратындағы "Джыдыр дюзю" алаңын, "Бюль-Бюль" мұражай-үйін, жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына орай ұйымдастырылған фотокөрмені және тағы да басқа тарихи орындарды аралап көрді.

Шуша шаһары ежелден әзербайжан мәдениетінің алтын бесігі саналған. Қала заманында гүлденіп, поэзия, көркемөнер және сәулет өнері дамыған орталық болған.

Қазіргі уақытта мұнда инфрақұрылымды салу және қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше қонақ үйлер, мұражайлар, мешіттер жұмыс істейді. Тұрғын үйлер, білім беру және әлеуметтік мекемелер, шіркеулер салынып, жөндеу жұмыстары басталған.