Bugin
Фото: КТК арнасынан скриншот
Семейде екінші қабаттан секірген бес жұмысшы жараланды. Олар ыстық судың құбыры жарылған сәтте, терезені сындырып тұра қашқан. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жұмысшылардың барлығының да аяқ-қолдары сыныпты. Қазір дәрігерлер аурухана төсегіне таңылған төрт азаматты ота жасауға дайындап жатыр.
Ал дәрі-дәрмекті өз ақшамызға сатып алып жатырмыз деген жәбірленушілердің жақындары зауыт басшылығының бейқам отыруына наразы. Өйткені өндірістік жарақат алғандарға серіктестік директоры көмек көрсетпеген көрінеді. Бұл оқыс оқиға қаладағы құрлыс материалдарын шығаратын зауытта болған. Бес жұмысшы душқа жуынып жатқанда ыстық судың құбыры жарылған екен. Ыстық буға тұншыққандар есікке жете алмай екінші қабаттағы бөлменің терезесін сындырып секіріп кеткен. Сол сәтте бәрі темір-терсек пен шынының үстіне түскен.
Жәбірленуші Дулат Күйіков:
“ Жерге түстік. Цемент, қоқыстың үстіне. Бірінші қабатта жөндеу жасаған. Түгелі шашылып жатты. Шыны да, темір де. Қазір бір аяғым екі жерден сынған. Сіңірлерім үзілген Бесінші қабырға сынған. Ота жасауға дайындап жатыр”,-деді.
Олардың денесінде сынған жері көп. Бір адам жансақтау бөлімінде жатыр.