Bugin
Фото: bugin.kz
Бүгін – Көрісу күні. Aтаулы күн Батыс Қазақстанда кеңінен тойланады, деп хабарлайды Bugin.kz тілшісі.
Көрісу күнін "Амал мерекесі" деп те айтады. Себебі халық қыстан аман-есен шыққанына алғыс айтып, жылы мезгіл көктемге аяқ басқанына қуанып, алыс-жақындағы туған-туыстармен, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Одан бөлек адамдар дәл осы күні бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, шын ниетпен амандық тілейді.
Кейбірі көрісуді – жаңа жыл, жаңа өмір, жаңа күн деп санайды. Алайда ғалымдар мұнымен келіспеген. Себебі күнтізбеде ондай мереке 22 наурыз деп саналған.
Ал "Көрісу күнін" зерттеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді мұсылман қауымы тойлайтын Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп есептейді екен.
14 наурызда жұртшылық көрісе отырып, арнайы тілектер тілейді. Бұл күні көптеген адамдар: "Бір жасыңмен!", "Жасың құтты болсын!", "Жасың қайырлы болсын!" деп тілеп жатады.
Амал мерекесі аталған бұл күні үй ішін тазаланып, дастарқан молынан жайылып, тағамдар әзірленеді. Қыстан аман шыққан халық үй-үйді аралап, астан дәм татып, көңіл көтереді.