Bugin

Байзақтағы жарылыс: сот сарбаздарға тағы 4 жыл қосып берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: видеодан кадр

Байзақ ауданындағы жарылысқа кінәлі деп танылған сарбаздар 13 жылға сотталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!

Шымкент қаласы әскери гарнизоны сотында атышулы оқиға бойынша аппеляциялық кеңесінің шешімі тыңдалды. Ал экс-әскерилер үкімі онлайн режимде оқылды.

Жамбыл облысынына қарасты Байзақта орын алған жарылысқа қатысты апелляциялық сот шешімі шықты. Бұған дейін 9 жылға бас бостандығынан айырылған қос сарбазға сот тағы 4 жыл қосып берді. Сотталушылар өз кінәсін мойындамай істі қайта қарауға бергенмен, жаңа жазаны судьялар одан сайын қатаңдатқан. Сонымен қатар олар мемлекетке келтірілген 24 млрд. теңге шығынды өтеп беруге міндеттелді.

"ҚР ҚК-тің 58 бабы 3 бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу арқылы Тұрановқа түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны қауіпсіздігі орта мекемеде өтеу белгіленсін", – дейді ҚР Әскери сот алқасының төрағасы Жандос Мұсабекұлы.

Осылайша Отан алдындағы борышын өтеуге барған азаматтар темір тордың ар жағынан бір-ақ шықты. "Өзгенің кінәсін өз мойнымызға ілді" деп санайтын сотталушылар сот залында бұл шешіммен келіспейтінін жеткізді.

"13 жылға бас бостандығымнан айырып жіберді. Бұл не үшін? Әділетсіз бәрі. Қазақстанда тұрып өзіміз әділетке қол жеткізе алмаймыз ба?", – дейді сотталушы.

Ал жазасын жеңілдетеді деп тағатсыздана күткен қос жігіттің анасы бұл шешіммен келіспейтінін айтады. Олар үлкен әскери бөлімде оқ-дәрі сақталған қоймада болған жарылысқа қатардағы сарбаздарды кінәлау ақылға сыймайды дейді.

"Біз бұл шешіммен келіспейміз. Жаңа Қазақстан дейді. Қайда жаңа Қазақстан? Аманатқа қиянат қой бұл. Бұдан кейін баламызды қалай әскерге сеніп жібереміз?! Біресе ауру қылады, өлтіреді, псих қылады. Сөзім жоқ айтуға", – дейді сотталушының анасы Алмагүл Асанова.

"Шындықты айтам деп балам 13 жыл арқалап кетті. Біз Астанадан келген судьялар анығын шығаратын шыған деп ойладық. Кінәлі еместігінің айдан анық дәлелін де көрсеткенбіз. Шығарған шешімі мынау болды. Кімге сенеміз сонда?! Бұдан кейін баламды әскерге ешқашан жібермеймін", – дейді сотталушының анасы Жанар Қадырова.

Сотталушылардың заңгері жігіттердің кінәсі тергеу барысында анықталмағанын айтады. Сондықтан да аппеляцияға өтініш тастаған. Ол әскери борышын өтеп жүрген 2 азамат бүгін негізсіз сотталды деп санайды.

"Бұл істе әділдік болмады. Алқадағы сотта үш сот отырды. Осылардан әділдік күттік біз. Ешқандай әділдік болмады. Бұл қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу кезінде де, бірінші инстанциядағы сот болған кезде де ешқандай дәлел болмады. Менің қорғауымдағы Тұранов пен Әшірбайды соттауға. Ешқандай негіз, ешқандай дәлел болмады. Сонда да соттап жіберді", – дейді заңгер Абзал Өмірәлі.