Bugin
Фото: Әлішер Ахметов. kaz.tengritravel.kz
Алматы облысында Көлсай табиғатына алаңдаған Саты ауылының халқы шу шығарды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан және шетел жаңалықтарын бірінші болып біздің Telegram арнамыздан оқыңыз!
Таулы аймақтағы демалыс орындарының кәріз жүйесі болмаған соң, нәжіс далаға кетіп жатыр. Кәсіпкерлердің өзі аталмыш мәселеге шенеуніктерді кінәлайды, ал әкімдіктегілер бұл түйінді тарқатуға асықпай отыр
Он жылдың ішінде мұнда кәсіпкерлер де келіп жайнатып жіберген. Айнала мейрамхана мен қонақ үйге толы. Бірақ таяқтың екінші ұшы бар демекші, жергілікті халық мұнымен табиғатымыз да ластанып жатыр деп шыр-пыр. Қонақ үйден далаға арнайы тартылған құбырға қарағанда, кәріз суы бірінші рет емес, ұзақ уақыттан бері тоқтаусыз ағып жатқан көрінеді. Төгілген нәжіс ағыспен Көлсай көліне құйылып жатыр дейді тұрғындар. Саты ауылының өре түрегелуіне түрткі болған да осы мәселе.
Ұлан Есікбай:
"Дәрет, кір суы, түрлі зат бар. Таза, мөлдіреген суға ағызып отыр.Ол суды ішкен адам да, мал да ауру болады. Бұл ертең ағып кетуі де мүмкін, мына жер. Негізі үй салынуға тыйым салынған жер. Мына егілмелі тас, ертең астына су кете береді, мына жердің табиғаты бұзылады",-деді
Ал қонақ үйдің қожайыны кінәсін мойындап отыр. Әрекеті заңсыз деп танылып, бір жарым миллион теңге айыппұл арқалаған. Нәжісті беталбаты далаға ағызуын кәріз жүйесінің жоқтығымен байланыстырды.
Кәсіпкер Марат Жүргенбаев:
"Бәрі де бар. Тек бір ғана шешілмей тұрғаны — қонақ үйлерден кәріз суын төгетін жер жоқ. Басқа елдерде, мысалы, Швейцарияда, Грузияда тазарту құрылысы деген қойылады. Одан шыққан суды төгуге мемлекет рұқсат етеді. Өйткені ол сүзгіден өткізілген таза су. Бұны үкімет тарапынан қолдау жасап, кәріз мәселесін шешіп берсе",-деп уәж айтты.
Осы уақытқа дейін "Көлсайдың жолын жөндеумен айналыстық" деген шенеуніктер кәріз мәселесін шешуге енді ғана кірісіпті. Лай суды сүзгіден өткізетін алаң соғуды көздеп отыр. Бірақ оның құрылысы ұзаққа созылуы мүмкін.
Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы:
"Үш гектар жерді белгіледік. Қазір аудан әкімдігімен жобалау жүргізілуде. Болашақта кәріз жүйесін, фильтрация деп айтамыз, сүзгі алаңын сол жерге орналастырамыз. Жобалауға миллион теңге бөлініп, құжаттама жасалды. Енді сол құжаттамаға сәйкес 760 миллион теңге керек",-деді.
Кәріз суын далаға ағызатын кәсіпкерлерден бөлек, мал бағатын жерге қаз-қатар үй салып тастағандар да бар. Мәселен, бұл нысанда небәрі екі жарым айдың ішінде осындай 8 шағын баспана мен мейрамхана тұрғызылған.
Нұрлыбай Айтжанов:
"Бұл ауыл шаруышылығы мақсатында пайдаланатын жер. Ешқандай құжаттары жоқ. Мына жердің бәрін күреді да, жер қыртысын бұзды. Үйдің үстіне үйді тоқтаусыз салып жатыр. Бассейннің орнын дайындап қойды. Енді ақша табудың да жөні, жолы бар шығар. Бірақ табиғатты құртуға, ластауға ешкім жол бермейтін шығар. Бұның бәрі бармақ басты, көз қыстымен жасалған нәрсе. Біреуге ақшасын береді, солай жасалған",-деп айтты.
Ал осы нысанның қожайыны үйлерді "шенеуніктердің өтінішімен салдым" деп отыр. Егер табиғатқа зардабы тиетін болса, әу баста неге ешкімнің ескертпегенін түсінбей дал.
Кәсіпкер Қанат Өскенов:
"2022 жылы әкім облысы Батталов Амандық Ғаббасұлы маған өтініш жасаған. Арамызда досымыз бар, Нұрдәулет дейтін. Сол екеуіміз бірігіп, мына үйлерді саламыз деп. Өздері ұсыныс жасады, Үкімет басшысы келеді, инвестиция құйыңдар, үйлер салыңдар деп. Менің үйлерім шаруа қожалығы, оны аудару керек дедім. Аударып беремін деп, Талғат Байеділовке тапсырма берді. Енді, мне, екі-үш жыл өтті, маған құжаттарын бермей жатыр",-деп мәселесін жеткізді.
Халықты құжат қызықтырмайды. Жұрт табиғатқа алаңдаулы. Өйткені жер қыртысы бұзылып, сіңген жаман судан босаңсыған жер кез келген уақытта төменге сырғып, үлкен апат болуы мүмкін. Ауыл тұрғындары Көлсай көліне тақап салынған нысандарды бір жарым шақырым қашыққа көшіруді талап етіп отыр.