Weekend
Батыр Баян – қазақ тарихында есімі алтын əріппен жазылатын, елі үшін жауға қарсы аттанған батыр. Абылай ханның сүйікті жауынгерлерінің бірі атанған Баян – тарихи һəм гуманистік идеяны алға тартқан Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баян" атты поэмасының басты кейіпкері
Мағжан Жұмабаев поэмасында Баянның қалмақтарға жасалған бір жорығында бір аруды олжалап, үйіне əкелетіні, оған інісі Ноянның ғашық болатындығы айтылады. Сол бір сəтті шебер пайдаланған қалмақ сұлуының туған жерге деген махаббаты қулық-айланы өзіне дос етеді. Ноянды арбап, өзімен бірге қашуға көндіріп, сол жоспарларын іске асырғанда, бұл істі сезген Баянның соңдарынан қуып барып, қызғаныш пен ұят ортасындағы ессіз сезіміне бой алдырған бір сəттік қателігі екі жасты өлім құштырады. Өкініші өзегін қармаған батыр еліне қайтып, Абылайдың дегеніне көнбей, аз ғана жауынгермен өздерін саны жағынан еселеген жауларына қарсы аттанып, қаза табады. Осы сəтте "ақын неге осы жағдайларды бұрып əкеліп, батырды өлімге тіреді?" деген сұрақ туындайтыны анық.
Бұл жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы былай дейді: "Баянды ешкім айыптап жатпаса да, өзін-өзі іштей жегідей жеп, жүрегі тілім-тілім, жаны жаралы болады. Халық алдында топ бастап жүрген азамат намыстан өртеніп, адамшылық рухы мүжіледі. Өлім туралы ойламақ түгілі, біреуді қайтсем жер жастандырам деп жүрген батыр Баянның өзін-өзі өлімге айдауының негізгі сарындары осындай. Өмірде адамға лайықты өмір сүріп, халқының мақтанына айналған батыр Баянға енді осы атақты сақтап қалу үшін өлімнен, онда да кінәсін жуып, өлуден басқа жол жоқ. Әрине, батыр Баянға өзін өлімге айдамай-ақ бұрынғысынша елін жауынан қорғап, ерліктерімен кінәсін жуып, қызмет етіп жүре берсе, оның қылмысы кешірілер ме еді, қайтер еді? Оған барса, Баян батыр Баян болмаған болар еді. Ол өзінің өліміне де саналы түрде барып, еліне арнады; жауын қырып, өмірі түгіл, өлімімен де жұртына қызмет етті".
Осы жерде Мағжанның тарихты көрсете отырып, адамгершілікті көрсететін үлкен поэманы тудырған таланты мен еңбегіне шүбə келтірмеу мүмкін емес. Баянды өлтіру арқылы Абай айтқандай "жүрек, ақыл, қайратты" бірдей ұстау керектігін астарлы һəм жұмбақсыз сипаттай білді.