Bugin
Фото: olympic.kz
Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан Азия аймақтық іріктеу турнирі аяқталды. Аталған турнирде Қазақстан командасы Олимпиаданың екі жолдамасын қоржынға салды. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Olimpic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Тайаньдағы соңғы лицензиялық жарысқа бапкерлер төрт спортшыны апаруды жөн санады. Оның ішіндегі жалғыз Жансель Дениз ғана тәжірибесі мен жасы жөнінен бәрінен үлкен еді. Қалғандары – жас буын өкілдері. Ең қызығы – бапкерлердің бұлай тәуекелге барғаны да бекер болмай, екі квотаны да талантты жас спортшылар жеңіп алды.
Команда құрамындағы ең жас спортшы – Батырхан Төлеуғали (80 келі). 17 жастағы спортшы ересектер қатарына өткен жылдың аяғында ғана өтіп, қазір Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Тайаньға құр келмегенін көрсетіп, Париж жолдамасын жеңіп алды. Шешуші кездесуде ол Сауд Арабиясының өкілі, турнирдегі үздік спортшылардың бірі саналған Әли Мабрук әл-Мабрукке еш мүмкіндік қалдырмады.
Жеңістен соң сөз алған Батырхан:
"Кездесу алдында қарсыласымның көзіне қарадым. Оның сенімсіздігі қатты білініп тұрды, қорқып тұрғанын көрдім. Содан соң, өзіме деген сенім де арта түсті. Өздеріңіз көргендей, лицензия алып, ата-анамды, бапкерлерімді, күллі жанкүйерді қуантып жатқан жайым бар. Шыны керек, менде Парижге барамын деген сенім мықты болды. Барша мамандар мен қалың жанкүйердің тілегі сенімімді шыңдай түсті", - деді.
Турнирдің тағы бір қаһарманы – 20 жастағы Самирхон Абабакиров (58 келі). Жолдамаға барар жолда ол ешкімнен де қаймықпай, үш қарсыласын қапы қалдырды.