Bugin
Фото: соттың баспасөз қызметі
Жоғарғы Соттың коммуникациялар бөлімінің басшысы Перизат Сәдуақас Бишімбаевтың ісіне алқабиге кандидаттар іріктеліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі хабарлайды.
Алқабиге іріктеу үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында отырыс басталды. Жиналыста 12 адамнан (10 негізгі және 2 резервтік) қазылар алқасы құрылады.
Перизат Сәдуақас:
"Жаңа ғана Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ.Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер алқасына кандидаттарды іріктейтін жабық отырыс басталды.
Отырыста 12 адамнан тұратын (10 негізгі және 2 қосалқы) алқабилер алқасы құрылады.
Осыған орай, кеше алқабилер алқасына іріктеу тәртібі түсіндірілді.
Қазақстан Республикасының соты ең алдымен істерді заңдылық, заң мен сот алдындағы барлығының теңдігі, тараптардың теңдігі және ашықтық қағидаттарын сақтауға бағытталғанын атап өткім келеді.
Өздеріңізге мәлім, Қ.Бишімбаевқа қатысты сот талқылауына қоғамның қызығушылығының артқанын ескере отырып, осы іс бойынша ашық сот отырыстарынан ашық онлайн-трансляция ұйымдастыру туралы шешім қабылданды",-деп жазды.
Бишімбаев сотын онлайн-трансляция арқылы кез келген адам бұл сот процесінің барысын бақылай алады.
Бұл шешім сот талқылауының ашық әрі жариялы болғанын және жалғасатынын білдіреді.
Ол сот туралы:
"Естеріңізге сала кетейін, істің алдын ала тыңдауы да ашықтық қағидаты сақтала отырып өтті. Процеске қатысушылардың және қатысуға ниет білдірушілердің көптігін ескере отырып, отырыстан онлайн-трансляция жүргізілетін қосымша екі зал ұйымдастырылды",-деп жазды.
Перизат Сәдуақастың хабарлауынша, алқабилердің жеке басы құпия сақталады. Оларды суретке, видеоға түсіруге тыйым салынады.