Weekend

Шағбан – сақтық айы

Рамазанға дайындалып жүрсіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Рамазанға дайындық дегенде өкінішке орай бірден ойымызға әдетте ауызашарда жейтін тағам, шөлге шыдау, аштыққа төзу т.б. деген қарынның қамы келетіні жасырын емес. Ал оразаға денсаулықты, жұмыс ретін, оқитын кітап т.б. дайындауға көңіл бөлінбей қалады. Ең маңыздысы Рамазан айына күнәсіз кіруді біле тұра ескермейді. Керісінше "Рамазанда іше алмай қаламыз", "Рамазанға дейін тойлап қалайық" деп араққа сылқия тойып алғандарды көреміз.

Кейбірі тіпті "Рамазанда арақ құя алмай қаламыз" деп тойды арақпен өткізу үшін жанталасып жатады. Пайғамбар (с.ғ.с.): "Бір күн арақ ішкен пенденің қырық күн намазы қабыл болмайды/сауапсыз кетеді/", – деген. Яғни Рамазанға дейін бір күн болсын арақ ішкен адамның қасиетті айдағы қымбат уақыттары қосымша еселенген сауап табуға емес, тәубе етуге кетеді. Кей адамдар "Рамазанда арықтап аламын ғой" деп Шағбанда тамаққа тойып алуды ойлайды. Рамазан оразасы арықтаудың амалы емес. Егер Рамазанда арықтау үшін ораза тұтсаңыз, ниетіңіздің дұрыс болмағаны.

Кейбір адамдар "Оразада бара алмай қаламыз" деп құмарханаларда, түнгі клубтарда түнеп жатады. Шайтан ой салып азғырылғандар: "Раббымыз рахымды ғой. Рамазанда бұл күнәларымызды кешіріп жібереді" деп алданып қалады. Жақсы, Рамазанда күні-түні тәубе етіп, Раббымыздың рахымымен күнәңізден арыларсыз-ау?! Бірақ сізге "Рамазанға аман-есен жетесіз" деген кепіл хат берілді ме? Ажал айтып келмейді. Сіз күнә істеп жатқан сәтте дәм-тұзыңыз таусылса, не істейсіз? "Рамазанға аз қалды" деп жүргелі қаншама таныстарымыз арғы дүниеге аттанып кетті...

"Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке қашады" дейді.  Рамазанда Раббымыздың рахымына бөленіп, берекесіне қол жеткізуді қаласақ, шағбанда шатақ болмайық, ағайын!