Bugin
Фото: Астана қаласының әкімдігі
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жылу мәселесі қалай реттеліп жатқанын мәлім етті. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында:
"Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек",-деген еді.
Астана қаласының әкімі Президент жолдауына аса назар аударып, соған орай нақты қадамдар жасады. Жеңіс Қасымбек атқарылып жатқан игі істер туралы:
"Жылыту маусымы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына салмақ түсірмей, штаттық режимде өтіп жатыр. Әсіресе, аязды күндері де. Мәселен, өткен жылыту маусымында бізде шамамен 500 Гкал/сағ жылу тапшылығы болды. Ондаған жаңа нысан жылумен жабдықтауға қосылмаған еді.
Былтыр 3 млн 800 мың шаршы метр салынды. Олар – тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар және өзге де ғимараттар. 4 миллион шаршы метрдің барлығы дерлік жылусыз қалуы мүмкін деген үлкен қауіп болды! Сол кездегі қолда бар нысандар осы ғимараттардың бәрін жылыта алмас еді.
Өткен жылдың күзінде аяқтаған жаңа нысандарымыз миллиондаған шаршы метрді жылуға қосуға мүмкіндік берді. Олар – "Оңтүстік-Шығыс" газ жылу станциясы, "Тұран" газ жылу станциясының бірінші кезеңі. Сол сияқты ЖЭО-3-тің бірінші кезеңінің құрылысы аяқталды, ол қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандардың бірі болатын. Аталған тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының бәрі қалаға 1100 Гкал/сағ жылу берді. Сонымен қатар, олар қалаға алдағы жылдарға арнап жылу қорын беруге мүмкіндік жасады.
Бұл жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Биыл "Тұран" газ жылу станциясының екінші кезегін толығымен аяқтауды, "Тельман" газ жылу станциясының бірінші кезеңін және ЖЭО-3-тің көмір бөлігін салуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ЖЭО-2-ні кеңейтіп, "Оңтүстік-Батыс" ГЖС-ны жобалауға кірісуді жоспарлап отырмыз. Аталған жобалардың барлығын іске асыру арқылы 2035 жылға дейін жылумен жабдықтау қауіпсіздігінің қорын алуға болады", – деп жазды .