Bugin
Фото: Orda.kz
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов үкіметте баспасөз мәслихатын өткізді. Ол су тасқынына қарсы іс-шараларға және табиғи апаттың салдарын жоюға бюджеттен бөлінетін қаржы көлемін мәлімдеді. Бұл туралы Bugin.kz тілшісі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Журналистер жолдарды қайтадан су шайып, ауылдарды су басқан болса, тасқынға қарсы шараларға бөлінген жеті миллиард теңгенің қайда жұмсалғанын сұрады.
Бауыржанн Сыздықов игерілген және бюджеттен бөлінген қаржы туралы:
"Шынында да жеті миллиард теңгеден астам қаржы берілді. Бұл қаржы ресурстары жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінде қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл қаржыдан үш миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді", - деді.
Вице-министрдің айтуынша, бөлінген үш миллиард су тасқынымен күресуге жұмсалды. Бұл ретте қазірдің өзінде үкімет жанынан да, әкімдіктер жанынан да шығын көлемін анықтау үшін жұмыс топтары мен комиссиялар құрылды.
"Төтенше жағдай кезінде әр әкімдіктің өз резерві бар. Егер бұл резервте қаражат жеткіліксіз болса, онда олар үкіметке жүгінеді. Сонда ғана үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі қаралады", - деді.
Бұған дейін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан қираған үйлерді қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемін мәлімдеген болатын.