Bugin
Фото: depositphotos
"Қазгидромет" мамандарының ақпаратына сәйкес сәуір және мамыр айларында ел аумағының басым бөлігінде ауаның орташа температурасы бір айдағы нормадан 1° жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері сәуір айында республика аумағының басым бөлігінде нормадан көп, еліміздің солтүстік-шығысында, орталығында және оңтүстік облыстарының солтүстігінде - норма шамасында, мамырда жауын-шашын мөлшері басым бөлігінде климаттық норма шамасында болады.
Көктемде ауа райы тосынсыйлар туындатуы мүмкін. Өйткені өтпелі маусымдықта синоптикалық процестер тұрақсыз. Каспидің оңтүстігінен және Ресейдің Еуропалық аумағынан циклондардың әсерінен жауын-шашын күтіледі: түнгі уақытта жаңбыр мен қар түрінде, күндіз жаңбыр түрінде, ал оңтүстік аймақтарда суық ауа массаларының енуінің салдарынан үсік болуы мүмкін.
Маусым айында ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2° жоғары, яғни әдеттегіден ыстық, елдің батыс бөлігінде норма шамасында болады.
Шілде, тамыз айларында Қазақстанда ауаның орташа айлық температурасы норма шамасында, тек тамызда - елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нормадан 1°жоғары болады.
Егер жаздың басында маусым айында алдын ала болжам бойынша Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшерден аз күтілсе, шілде және тамыз айларында ҚР көптеген облысында жауын-шашын мөлшері норма шамасында және нормадан көп, шілде айында елдің оңтүстік-батысында және оңтүстік жартысында, ал тамызда ҚР орталықта, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста нормадан аз болады деп болжанады.